Тарихта Француз революциясына дейін дін мен мемлекет тығыз байланысты болды. Революциядан кейін дін мемлекеттен бөлектене бастады. Қазіргі кезде әлем елдерінің көпшілігі зайырлы мемлекет болып табылады. Бірақ зайырлылықтың да әр түрлі үлгілері бар. Әлемде дін мен мемлекет байланысының сеперационалды, авторитарлы, когерационалды секілді үш түрлі үлгісі бар. Алайда, зайырлы мемлекеттер дінге көңіл бөлмейді деп айта алмаймыз. АҚШ сеперационалды модельді басшылыққа алып, дін істеріне көп араласа бермейді. Бірақ, діни бірлестік мүшелері жарна төлеп отырады. Ал, когерационалды үлгі бойынша, діндердің қоғамдағы рөліне қарай олардың мемлекетке деген көзқарасы әртүрлі болып келеді. Әлем елдерінің бәрінің өз діндері бар. Және дәстүрлі діндеріне басымдық беріп, көңіл бөлінеді, шектеу жасалмайды. Заң бойынша да белгілі бір деңгейде ерекшеліктер беріледі. Кей мемлекеттерде ислам, буддизм деген секілді діндер ресми мойындалған. Ал, аз таралған немесе мойындалмаған діндерге БАҚ-қа, мемлекеттік ұйымдарға кіруге шектеулер қойылады. Алайда, азаматтарының дін таңдау бостандықтарына тыйым салмайды. Әлемдік тәжірибеде дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы бірінші кезекте Конституция және арнайы заңдар арқылы реттеледі. Ал, бізде ҚР Конституциясында әрбір Қазақстан азаматына сөз бостандығы, діни наным-сенім бостандығы кепіл-дендірілген. Сонымен қатар, ҚР-ның шетелдермен және халықаралық ұйымдармен жасаған келісімшарттары бар. Адам құқы туралы халықаралық пактіге қол қойған. ҚР ешбір дінді мемлекеттік дін деп заң жүзінде бекітпейтіндігін әлемдік және дәстүрлі діндерді республика аумағында еркін ұстануға болатынын жариялап, ар-ождан дін бостандығын заң жүзінде бекітті. Сөйтіп, ешбір дінді мәжбірлеу не күш қолдану арқылы таратуға жол берілмейді дегенді әлемге паш етті.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның болашағын тұжырымдай отырып, зайырлы мемлекет ел халқының тарихи таңдауы болғанын ерекше ескертті және қоғам назарын мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара тиімді әрекеттестігінің үлгісін іздеуге бағыттады. Қазақстан кез-келген экстремизмге түбегейлі қарсы бола отырып, дәстүрлі діндерді қолдайды. «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан - зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен, қоғамға өз бетінше біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады», деп ерекше атап өтіледі. Сол себепті де, мемлекеттік құрылымдар мен Қазақстан қоғамы алдында этносаралық және конфессияаралық келісім негізінде зайырлы, толерантты қоғамды әрі қарай дамыту идеясын жүзеге асыру секілді маңызды әрі жауапты міндеттер тұр. Мемлекет басшысының: «...Біз зайырлы қоғам дәстүріне ие екендігімізді және Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігін ұмытпауымыз қажет», деген сөздерінің астарында «зайырлылық» категориясын барша Қазақстан халқының көп қырлы әлеуметтік-қоғамдық өміріндегі терең әрі мәнді константа етіп көрсетуге ұмтылушылық жатқаны анық. Мұндай саяси, мәдени және рухани басымдылықтар мен қоғам дамуының құндылықтарын айқындайтын қағидаттар Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында жазылған. Ал осы негізгі құжаттың сәйкес тараулары адамның өз діни сенімін ұстануға еркіндігі мен құқығын бекітетін ережелерден тұрады. Қазақстанның зайырлы сипаты «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»: Заңның нормаларындағы сенім бостандығы, діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлек болуы, мемлекеттік немесе жалпыға міндеттелген арнайы діннің болмауы, діни ұйымдардың заң алдындағы теңдігі, кейбір әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет пен діни ұйымдардың өзара әрекеттестігі секілді мәселелер олардың нақты белгілері арқылы айқындалады. Сондай-ақ заңға сәйкес Әбу-Ханифа бағытындағы ислам діні мен Православиялық христиан дінін халқымыздың рухани-мәдени дамуына үлес қосқан деп көрсетілген. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, 1928 жылы дін мемлекеттен бөлек дегенді білдіретін «лайцизм» деген ұғым енгізілді. Бірақ, дін мемлекеттен бөлектенгенмен қоғамнан ешуақытта алыстатылмайды. Бір анық жайт, мемлекет еш уақытта дінге көз жұмып қарай алмайды. Өйткені, ел азаматтары - мемлекеттің басты құндылығы. Және азаматтарының рухани көзқарастары да маңызды. Дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың уақытпен бірге өзгеруі табиғи құбылыс. Бұл өзгерістердің қоғамдық санаға зияны болмауы үшін, ұзақ уақыттық стратегиялар дайындауымыз тиіс.
|