Наурыздың алғашқы күні №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің акт залында Іле ауданы әкімінің қолдауымен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Іле ауданының «Құрметті азаматы», ақын, сазгер марқұм Кеңес Алпысбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Ән аялаған ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.
Алпысбаев Кеңес 1942 жылы 1 наурызда Алматы облысы Шелек ауданы (Жаңашаруа) ауылында дүниеге келген. Орта мектепті 1946-1958 жылдары Малыбай ауылында бітіріп шықты. 1958-1960 жылдары Алматы байланыс электротехникумын бітірді. 1969 жылдан бастап отыз жылға жуық уақыт Іле ауданында байланыс торабының бастығы қызметін атқарған. Алғашқы әндері 1964 жылдардан бастап жарық көре бастады. «Арманымның ақ құсы», «Анашым», «Достарыма», «Қазақ топырағы», «Жылы жаңбыр», «Бәйшешегім» көптеген әндері қазақ радиосының алтын қорына енді. 1981 жылы «Аманымның ақ құсы» «Бәйшешегім», «Жастық шақ әуендері» атты әндерінің жинағы шықты. Әндері әуеде қалқыған жерлесіміз Іле ауданының «Құрметті азаматы» К.Алпысбаевтың есімі «Қуат» ықшам ауданынан көшеге берілді және сазгер тұрған Абай көшесінің №23 үйіне ескерткіш тақта қойылды.
Кештің мақсаты - ақын туралы мағлұмат бере отырып, оқырмандарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, адалдыққа шақырып, кітапхана қорындағы К.Алпысбаев шығармаларын оқырмандарға кеңінен насихаттау. Кеш барысында «Туған өлке таланттары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, слайд көрсетілді.
Кешке аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков пен аудан әкімі аппаратының жетекші маманы, сазгердің жары Р.Нүсіпжанқызы, балалары, замандастары, студенттер мен оқушылар қатысты.
Кеңес ағаның қай істі қолға алмасын, аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығы, турашылдығы, ұлтжандылығы, тұла бойында тұнып тұратын парасаттылығы туралы әркез жылылықпен еске алатын замандастары тектінің тұяғы, асылдың сынығы, Іле ауданының «Құрметті азаматы», ардагер ұстаз Т. Кененқызы, №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің директоры, ұлағатты ұстаз Ғ.Нәдірбекова, ҚР-ның медицина ардагері, ҚР Мәжілісінің екінші шақырылым депутаты, Алматы облысының «Құрметті азаматы» Ө.Кенжебек, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Д.Қалиұлы және аудандық «Іле таңы» газетінің редакторы Р.Айдарбекова, досы Н. Қизатұлы және Ж. Күлпараз апа, сол кездері Энергетик кентінің әкімі болған Мэлс Қазыбаев ағамыз Кеңес ағамызды сағына еске алды. Қызықты оқиғаларымен бөлісті. Кеш соңында
Райхан – жұпар иіс гүлдің аты,
Жазылар жүректегі жырдың аты.
Райхан – өмірдегі жардың аты,
Ақынның жүректегі махаббаты – деп кезінде ақынның өзі жырлағандай Райхан апай алға шығып жан-жары халықтың азаматы Кеңес ағамызды еске алу үшін жиналғандарға шынайы алғысын білдірді. Райхан апаны құрметтеп, кітапхана ұжымы ақ жаулық пен камзолды иығына жапты.
Барлық жыр сүйер қауым Кеңес Алпысбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Қаскелең мәдениет колледж студенттері мен №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушылары ақын өлеңдерінен орындаған әдеби монтажбен сахналық қойылым кешке келген қонақтар көңілінен шықты. Сондай-ақ, бүгінде елімізге белгілі Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу, Венера Қармысова, Бақыт Шадаева сияқты әншілер репертуарларында орындалған «Айшажан», «Сен мені сағындың ба?», атты өлеңдерін «Сарытауқұм» халықтық əн-би ансамблі мен халықтық «Əлібек Нұрғожа» атындағы ардагерлер ансамбльдері сазгердің «Арманымның ақ құсы» әндері шырқалы,п белгілі шығармаларын орындап, өнер көрсетті.

|