БАСТЫ

 
 
 

«АЙ-АРУ» БАЛАБАҚШАСЫ АШЫЛДЫ

10.01.2017

 

Бүгінгі бала - елдің ертеңі. Тарихтың аманатын жалғастыратын болашақ. Сондықтан ел ертеңінің кемелдігі бүгінгі ұрпаққа тікелей байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбав айқындап берген егемен елдің еңсесін биіктетер «100 нақты қадам» ұлт жоспарын орындауда бірқатар мәселелер оң шешілуде. Соның дәлелі ел ішіндегі қуанышты жаңалық ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай ауданымыздың өзінде 7 балабақша ашылды. Жалпы ауданда 8 мемлекеттік, 72 жекеменшік балабақша мен 5 мектеп алды даярлық орталықтары бар. Онда бүгінгі күні 8036 бүлдіршіндер тәрбиеленіп жатыр. Жаңа оқу жылының өзінде 23 балабақша бой көтерген. Күні кеше ғана ашылған 7 балабақшаның бірі - Байсерке ауылындағы бой көтерген «Ай-Ару» жекеменшік жаңа балабақшасын айтуға болады. Оның ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетов пен Байсерке ауылы әкімінің орынбасары А. Қажиев қатысты.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетов осы атаулы күнде Байсерке ауылында жаңадан бой көтеріп, бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан «Ай-Ару» балабақшасының ашылуымен құттықтады. Игі дәстүрмен лентасын қиылып, шашу шашылған қуанышты сәттен кейін қонақтар ішке кіріп, балғындардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Балабақшаның ішкі жан дүниесімен осы жердің ардагер ұстазы Ш. Баратқызы таныстырды. Жаңа балабақшаны ашып отырған аудан тұрғыны жеке кәсіпкер М.Тұрысбаева Елбасының тапсырмасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі енгізілгенін, осы тапсырмаларды орындауда ел дамуына өзіндік үлесін қосып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Әзірше екі топты қамтыған жаңа білім ордасы 50 баланы қабылдап отыр. Мұнда логика, логопед, ментальды арифметика сияқты заманауи оқу бағдарламалары оқытылып, бәсекелестік қабілеттік қалыптастыруда. Ата-аналар атынан да жылы лебіздер айтылып, балалары үшін ашылған балабақшаның басшылығы мен тәрбиешілер қауымына сенім артып, алғысын білдірді.