БАСТЫ > 

 
 
ЕСІМІҢМЕН, ЕРЛІГІҢМЕН МАҚТАНАМЫЗ 09.10.2017

 

     

       Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 72 жыл толды. Бұл соғыс ғасырлар бойы Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Ұлы Жеңістің жарқын да шуақты күндерін жақындатқан ерлеріміз аз емес. Солардың бірі ауданымыздың абыз қариясы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тәңірберген Толғанбаев биыл 94 жаста.
Ауданымыздың мақтанышы, соғыс ардагері Тәңірберген Толғанбайұлы 1942 жылы 19 жасында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге әскерге алынады. Балалық шағы соғыс кезіне тұспа-тұс келген атамыз небір нәубет қиыншылықты басынан өткерген.
Әуелі Арменияның Ленинакан қаласындағы үш айлық дайындық курсынан өткен Тәңірберген аға №14 заставаға шекара күзетіне жіберіледі. Кавказ жеріндегі қанқұйлы соғыс жылжып отырып Сталинградқа жақындап қалған кез, сондықтан да батальон әскерлері шекараны көздің қарашығындай сақтап қалуға күш салады. Сталинград азат етілгеннен кейінгі тұста теміржол бойындағы №10 заставаға ауыстырылған Тәңірберген Толғанбаев өмір мен өлім арпалысын өз көзімен көріп, небір өрімдей жас жауынгерлердің қапыда оққа ұшқанның куәсі болды. Сұрапыл соғыс атты тарих сынынан сүрінсе де жығылмай, кеудесіне II-дәрежелі «Отан соғысы», «Кавказды қорғағаны үшін», «Германияны тізе бүктіргені үшін» ордендерін қадап, жарқырап оқ пен оттың ортасынан аман-есен шығып, елге оралды.
Туған жерге келген соң бейбіт еңбекке араласып, өзі туып-өскен Ақсу ауданындағы халық сотында, аудандық ішкі істер бөлімінде жемісті еңбек атқарып, 1964 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы ішкі істер бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады.
Милиция полковнигі 1975-77 жылдар аралығында біздің Іле ауданында көмекші прокурор, бас прокурор ретінде жауапты қызметтерді үлкен абыроймен атқарған.
Тәңірберген Толғанбаев өзі қызмет істеген жылдары еліміздің Ата Заңы аясында құқықтық қағидаларын орындауда әділеттің ақ туын әрқашан биікте ұстаған жан. «Адам ұрпағымен бақытты», - деген атам қазақ. 94 жасқа келген соғыс және еңбек ардагері, Тәңірберген атамызға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Болашақ ұрпақ үшін кеудесін оққа төсеген Тәңірберген Толғанбаевтың өмір жолы, құқық қорғау саласындағы ізгілікті ізі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалмақ.