Алматы облыстық ардагерлер ұйымы мен аудан ардагерлері ұйымдарының жұмысын жақсарту мақсатында олардың атқарып жатқан істері жөніндегі есептерін тыңдау игі дәстүрге айналған десе болады. Бұған дейін Ескелді мен Панфилов аудандарындағы ардагерлер ұйымдарының есептері тыңдалған еді. Жақында кезекті ретімен Іле аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Әмзе Исаевтың «Іле аудандық ардагерлер кеңесінің ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты қалыптастырудағы ұлттық мәдени орталықтары мен «Ата-баба дәстүрі - ұрпаққа аманат» атты бағдарламасы бойынша мектептерде басқа ұлт оқушыларымен өткізіліп жатқан сыныптан тыс тәрбие жұмыстары туралы» есебі тыңдалды.
Елдің аға буындары, қарттары мен қариялары Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы мен «100 нақты қадам – бес реформа» Ұлт жоспарына сәйкес қазіргі уақытта ауқымды жұмыстар қызу қолға алынып, жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда, еліміздің өсіп-өркендеуі мен азаматтық қоғамның қалыптасуына өз үлестерін қосып жүрген ардагерлер ұйымдарының алатын орны да ерекше. Қазақ ежелден қариясы отырған үйді қара шаңырақ деп атаған. Қарты бар елдің дәстүрі де, салты да сақталады, жастарының рухы берік болады. Осы тұрғыдан алғанда Іле аудандық ардагерлер ұйымы ұрпақ тәрбиесіне баса маңыз беріп отыр.
Ардагерлер ұйымының төрағасы
Ә. Исаев өз баяндамасында:
- Бүгінде ұлтаралық қатынас, жастар тәрбиесі көпұлтты халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасына аса мән берілуде. Отаншылдық, мемлекетшілік, ұлтжанды қасиеттер ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа аманаттап, мұра етіп кеткен атамекенді шын сүюден, қадірлеуден басталады. Әйтпесе, арамызда «мен, мен» деп өзеуреп, қара судан май шығаруға тырыштанып жүрген патриоттар жоқ емес. Болмаса дін атын жамылып, жастарды теріс жолға итермелеп жүргендер де баршылық. Елбасымыз елдік пен ездікті, жақсы мен жасықты айыра алмайтын парықсыздықтан, білімсіздіктен, өресіздіктен басқа да жағымсыз қылықтардан сақтандырып келеді. Жарқын болашағымызға біртұтас мақсатқа жетелейтін ұлттық мүддеге айналып отырған осы мәселерді шешуде біздің ардагерлер ұйымдарында атқарылып жатқан ауқымды істердің арнасы кеңеюде, - деді.
Қазір ауданда 9 ауылдық және бір кенттік округтерде 31 елді мекендегі құрамында 17666 мүшесі есепте тұратын 69 бастауыш ардагерлер ұйымдары құрылған. Бұдан басқа отыздан астам топ жұмыс істейді. Көп жерлерде жаңадан бастауыш ардагерлер ұйымдары ашылды. Бұрын олардың саны 37 болса, қазір 69-ға жетті. Ардагерлер жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру ісіне белсене араласып, өздерінің өмірлік ұстанымдарын жасөспірімдерге үйретіп, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру ісіне лайықты үлес қосу бағытын берік ұстанған. Еңбек ұжымдарындағы, оқу орындары мен ардагерлердің тұрғылықты мекенжайы бойынша ауылдарда, ықшам аудандарда құрылған бастауыш ұйымдары ауданның қоғамдық өмірі мен даму тынысынан шет қалып көрген емес. Бастауыш ардагерлер ұйымы құрылмаған мекемелерде бастауыш ұйымдарын ұйымдастырып, олардың құрамына белсенді, жігерлі азаматтарды қабылдап, жұмысты жаңа биіктерге көтеруге ерекше көңіл бөлінген.
Ауданның ардагерлер ұйымы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты бағдарламасын зор ынтамен талқылап, осыған орай ардагерлер ұйымының алдында тұрған үлкен міндеттерді анықтады. Ардагерлер қозғалысы – уақыт өзі туындатқан бірегей қоғамдық құбылыс. Оның белсенді іс-қимылы жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, азаматтың артықшылықтарын дәріптеу, ауданның қоғамдық-саяси өміріне араласу болып табылады. Осыған орай аға ұрпақтың бай өмірлік тәжірибесін жасөспірімдер арасында насихаттауда белсенділік танытуда. Қоғамымызда сыбайлас жемқорлық, еңбексіз табыс табуға ұмтылушылық, бұзақылық пен өткенді қаралау сияқты теріс әрекеттер әлі де билік алып келеді. Осы кеселдермен күресте ардагерлер ұйымы аянып қалмауды өздерінің парызы санайды.
Ауданда 34 ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін құрайтын 190 мыңнан астам тұрғын бар. Олар етене араласып, тату-тәтті өмір сүріп, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы мен экономикасын дамытуға өз үлестерін қосуда. Өткен 2015 жылы елімізде тарихи жыл болғаны белгілі. Ауданда Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы үлкен ұйымшылдықпен атап өтілді. Халқымыздың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналып бес ауылда жаңа ескерткіштер орнатылды. Ескерткіш-тақталарға соғыста қаза болған, хабарсыз кеткен және соғыстан аман-есен қайтып келіп, халықтың игілігі үшін қызмет етіп, туған жер топырағында өмірден озған 1562 ардагердің есімдері тасқа қашалып жазылды. Ал осы ағымдағы жылы осы ескерткіштерге 154 соғыс ардагерлерінің есімдері қосымша енгізіліп, тізім толықтырылды. Биыл да Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесіне арналған іс-шараларды жоспарлап, оларды жүзеге асыруда.
Ауданда славян, күрд, түрік, кәріс, ұйғыр этномәдени орталықтары киелі шаңыраққа айналған. Әр ұлт пен ұлыстың салт-дәстүрлері мен қолөнерін және басқа да баға жетпес құндылықтарын кейінгі ұрпаққа үйретуде осы орталықтардың атқарып отырған іс-шараларының маңызды екенін өмірдің өзі дәлелдеуде. Этномәдени орталықтардың жанынан мемлекеттік тілді оқып үйрену, көркемсөз, қолөнер, көркемөнерпаздар үйірмелері ашылып, тұрақты жұмыс жасап келеді. Осы шараларға ауыл қариялары қатысып, аудандағы достық пен бірлікті, тыныштық пен ынтымақты сақтауда әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын халық арасында насихаттап түсіндіру мақсатындағы ақпараттық-насихат топтарының құрамына енген ардагерлер ұлттық мәдени орталықтармен бірлесе отырып, өздерінің саяси, қоғамдық көзқарастарын жетілдіру мен ұлтаралық келісім және тұрақтылықты қалыптастыруда тұрғындармен тығыз байланыс жасауы көптеген игі шараны іске асыруға пәрменді ықпалын тигізуде.
Ауданда өзін-өзі басқару саласында қоғамдық кеңестер ұйымдастырылып, ауылдардағы тұрмыстың бар саласын қамти отырып, халықтар арасындағы татулық пен бірлігін сақтап, тұрғындарға тұрғылықты жеріндегі келелі мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызылып, Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асырып, елдің ауызбірлігін, ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықты сақтап, жасөспірімдермен нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Сондай бір жұмыстың дәлелі, аудан әкімі Қыдыркелді Медеуовтің бастамасымен «Дін, адам, қоғам» атты құқық қорғау қызметкерлерінің, мешіт имамдары, шіркеу өкілдері, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері, этномәдени орталықтардың жетекшілері бас қосқан үлкен кездесу өткізіліп, көтерілген мәселе жан-жақты талқыланды.
Жастарды отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, бабалар аманатымен таныстыруда ауданда «Ата-баба дәстүрі ұрпақа аманат» атты бағдарлама негізінде аудан кітапханалары мен 41 білім беру мектептерінде өзге ұлт өкілдері оқушылары арасында олардың қарым-қатынастарын одан әрі нығайту мақсатында арнайы тәрбие жұмыс жоспарлары құрылып, нақты іс-шаралар атқарылған. Осы тұрғыда аудандық, ауылдық кітапханалар-да ауданның «Құрметті азаматы», ҚР мәдениет қайраткері, кітапханалар директоры Мейрамкүл Жабиева бастаған топ жүйелі жұмыстар атқаруымен ел-жұртқа танымал бола бастады. Ұлтаралық қарым-қатынасты, достықты мектеп қабырғасында қалыптастыру мақсатында, жылда аудан мектептерінде жұмыс жоспары құрылып, шаралар жүзеге асырылу үстінде. Мысалға, Боралдай кенті №39 мектеп-гимназиясында «Жер бетіндегі барлық халықтар достықта, ынтымақтастықта өмір сүруге тиіс» атты тақырыпта ардагерлер мен оқушылдардың «Құрмет». «Сүйіспеншілік», «Достық», «Ынтымақ» мағынасындағы құндылықтарының маңызын түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастырылып, көрнекілік құралдарының тартымдылығы көпшілік назарын аударды. Кездесуге аудан мектептерінің 200-ге жуық өзге ұлт оқушылары қатысып, Қазақстан көпұлтты мемлекет қатарына жататындығы, достық қарым-қатынастары, еліміздегі татулық пен тұрақтылық, әр ұлттың өз тілдерінде сөйлеуге, салт-дәстүрін сақтауға ерікті екендіктері, сонымен бірге туып-өскен ортақ отанымыз Қазақстан елі Мәңгілік ел екендігі тұрғысында әркім өз Отанын құрмет тұтып қадірлеуі жайлы пікірлерін іркілмей айтып, еркін ой бөлісті. Жетіген ауылының орта мектептерінде өзге ұлт оқушыларының қатысуымен «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем Қазақстан!» атты дөңгелек үстел басында да келелі мәселелер тілге тиек етілді. Дөңгелек үстелде бүгінгі күнде өзекті саналатын бірлік, тұрақтылықты сақтау, жас ұрпақты төзімділікке үйрету, патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланды. Этномәдени орталықтар өкілдерімен мектеп мұғалімдері дөңгелек үстел аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемде теңдесі жоқ институт екендігін, ел тұрақтылығын сақтаудағы ролін, ұлтаралық келісім, ынтымақтықты нығайту жолында атқарып жатқан жұмыстары нақты дәлелдермен атап өтілді. Жас ұрпаққа ата-баба дәстүрін насихаттап, татулыққа, достыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеуде аудандағы әлеуметтік-азаматтық базис «Болашақ» қоғамдық бірлестігің пәрменді жұмысы атап айтуға лайықты. Аудандағы 10 округте 11 балалар мен жасөспірімдердің аулалық клубтары сабақтан тыс уақытта 2400 балаларды қатиды. Бұл клубтар өздерінің жоспарларына сәйкес осы бағыттағы жұмыстарын жүргізіп, ата-аналары мен ардагерлер алдында атқарған шаралары туралы есепті беріп отырады. Олардың игі-істері аудандық «Іле таңы» газеті беттерінде ұдайы насихатталынады. Ардагерлердің бүгінгі таңда әсіресе, жастарға, ата-баба дәстүріміз бен салт-санамызды, тілімізді, дінімізді дамытуда, оларға, елжандылық пен имандылық тәрбие беруде жас отаулар тірліктеріне ықпалдары арта түсуде. Осы орайда ауданның барлық мектептерінде «Ата-баба дәстүрі - ұрпаққа аманат» атты тәрбиелік мәні бар бағдарлама бойынша соғыс және еңбек ардагерлерінің қатысуымен сынып сағаттарын, кештер, байқаулар мен кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Жыл сайын оқу жылының соңында аудан бойынша «Ата-баба дәстү-рі - ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша атқарылған іс-шаралардың қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар марапатталынады.
Бастауыш ардагерлер ұйымдарының мүшелері өздері тұрған ауыл-аймақтың барлық мәселелеріне ауыл әкімдерімен бірге араласып, сол ауылдың тазалығына, ауыз суымен қамтамасыз етілуі, жолдың жағдайы, көшелердің жөнделуі, электр жарығымен қамтамасыз етілуі, қоғамдық көліктердің жүруін, сол ауылдың білім, денсаулық, мәдениет мекемелерінің, мешіттер мен зираттардың жағдайына бақылау жасап отырады. Сонымен бірге олар азаматтық, отбасылық, еңбекке қатысты, құқықтық қатынастарға байланысты орын алып қалатын кейбір келеңсіз дауларды медиация арқылы реттеп шешу жағдайлардында оң шешімдерін табуға ықпалдарын тигізіп жүр. Осы ретте, ҚР «Медиация туралы Заңына» сәйкес арнайы ҚР үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілген медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша 15 ардагер қоғамдық медиатор сертификатын иеленді. Негізінен айтқанда, бұл Заң қазақ халқының дәстүрі мен ата-баба тағлымы әдет-ғұрып тәрбиесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамы екендігін жұртшылық түсіне бастады.
Аудандық ардагерлер ұйымы бүгінгі таңда зейнеткерлікке шыққан қариялары мен басқа жерлерден қоныс аударып көшіп келген қарттарды да бастауыш ұйымдардың назарынан тыс қалдырмауға баса көңіл бөледі. Осы ретте бастауыш ұйымдар әр ауылда тұрған зейнеткерлердің бәрін ұйымның есебіне алып, олармен тығыз байланыс жасап, ауылдардағы тұрып жатқан халықтың, оның ішінде әр түрлі диаспора өкілдерінің ауызбіршілігін, ынтымағын, халықтар достығы мен сыйластығын назарда ұстап келеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, жастардың қолөнермен, әдеби шығармашылықпен айналысуына, мәдениет пен өнерге баулуына әрдайым көңіл бөлу шаралары жасалған. Ауылдық округтердің барлығында әжелер ансамбльдері құрылып, олар өз өнерлерін жасөспірімдерге дәріптеп, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда. Осы тұрғыда ауданда халықтық атағы бар алты өнер ұжымы жұмыс жасайды. Атап айтсақ, халықтық атағы бар Әлібек Нұрқожа атындағы, «Ақниет» әжелер ансамблі, «Іле толқындары» ұлт аспаптар оркестрі, Ақши халық театры» «Сартауқұм» ән-би ансамблі мен үлгілі «Элегия» ансамбльдері жастарды өнерге баулуда атқарылып отырған жұмыстардың айтарлықтай екенін атап өткен жөн. Ауданда тұрғындар арасынан өнерлілерді анықтау мен жергілікті ақын жазушылармен кездесу өткізіліп, жастардың кешкі бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Іленің сазды кештері» атты ауыл жастарының және тұрғындардың қатысуымен поэзия кештері ұйымдастырылып келеді. Бұл шараларға да ауылдың ақсақалдары мен әжелері белсенді түрде қатысып, жастарға үлгі бола білуде. Қыз баланың инабатты, ер баланың тәртіпті болуы, бұзақылықпен айналыспауы, спортпен шұғылдану, ары қарай өмір сүруге тиісті мамандықтар алуларына ауыл ақсақалдары үнемі бақылау жасап отырады. Осы ретте ауданда жастар арасында «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Келіндер сайысы», жастарға үлгі-өнеге болатын ардагерлер арасында «Өнегелі отбасы» сияқты игі шаралардың тәрбиелік маңызы ерекше деуге лайықты.
Соңында ауданымыздың қолөнер шеберлері жасаған әртүрлі бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылып, шағын концерт қойылды.
Әли ӘПЕКҰЛЫ,
Алматы облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі.
|