БАСТЫ

 
 
 

КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ

09.06.2017

 

Еліміздің Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен маңызды жетістіктеріміздің бірі – елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде дінаралық татулықтың өркендеуі, барша халықтың 70 жылдық атеистік өмірден кейін өз діндерімен қайта еркін қауышуы десек, артық айтқандық болмас. Иә, бұл Тәуелсіздіктің бізге берген бақыты, үлкен сыйы. Қазақстан - келісімді діни қатынастардың жоғары деңгейіне қол жеткізген ел. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз. Біздің республикамыздың конфессияаралық келісімдегі құнды тәжірибесі әлемге танымал болып отыр. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілер мен діни нанымдағылар көбейіп, діни бірлестіктер қызмет атқаруда. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін хал-қадірінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады.
Елімізде ынтымағы мен бірлігі жарасқан, мақсаты мен мүддесі де ортақ 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері тату-тәтті мәміледе өмір сүріп жатыр. Елімізде 2006 жылдан бастап қасиетті Құрбан айттың бірінші күні мен православиенің Рождествосы 7-ші қаңтар демалыс күндері болып бекітілді. Біздің елімізде дін мемлекеттен бөлек деп жария етілгенімен, олар шын мәнінде бір-бірінен оқшауланбайды. Бұл қарым-қатынасты - серіктестіктің ерекше түрі деп те сипаттауға да болады. Дінаралық қатынас саласындағы еліміздегі салиқалы мемлекеттік саясаттың негізі, ол – бірінші, ырықтандырылған (либералдық) заңнамалар, екінші, барлық діни сенім-нанымға төзімділікпен қарау және үшінші, діни пікір алуандығы (плюрализм) болып отыр. Осы үш шарт тұтастай алғанда, Қазақстандағы дінге сенушілердің құқығын, дін ұстану бостандығы принципін, рухани бірлікті нығайтуды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Қазақстанда ар-ождан бостандығы саласындағы зайырлы мемлекеттік саясаттың негізгі үш принципін атап айтуға болады, олар: бейтараптылық, тағаттылық және тепе-теңдік принциптері. Бүгінгі қазақтың Ұлы даласы, біздің Қазақстан жері - бүкіл әлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның, зороастризмнің де, иудаизм мен индуизмнің де тоғысқан жері. Біз, қазақтар өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазіргі таңда кең-байтақ қазақ елі күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Дініміздің үлкен жанашыры, әрі қамқоры Елбасымыз Н. Назарбаевтың бастамасымен Елордасы Астанада 2003 жылдан бастап өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бес съезі соның жарқын көрінісі. Съездерге қатысқан әлемдік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен дінаралық төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алатын тәжірибе мен үлгінің мол екендігін атап өткен болатын. Діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілетудегі біздің Астана съезінің үлгісі мен үлесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының резолюцияларында атап көрсетілді. Діндер үнқатысуын (диалогын) қамтамасыз ету, діни төзімділікті, діни тағаттылықты нығайту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып табылады. Үлкен діни форумдардың бізде өтуі – біздің елімізге, қазақ халқына, біздің Президентімізге деген үлкен құрмет пен зор сенім. Бүгінде сол сенімді толық ақтап келеміз. Бесінші Съезд 2015 жылдың 10-11 маусымында Астанада өткен болатын. Қазақ елінің хақ төрі, Елордамыз Астана дүниежүзіндегі барлық дін өкілдерінің басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын рухани орталыққа айналды. Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанның брендіне, «бет-бейнесіне» айналды.
        Негізі, тарихтың қозғаушы күші – рух пен сана, рухани қуат екені белгілі. Жеке тұлғалардың, тұтас этностардың, бүкіл ұлттардың тағдыр мен белсенділігі, олардың болашағы – осы рухани қуатқа ие болуына және де сол рухани қуаттың қандай дәрежеде болуына тығыз байланысты. Ал, дінді берік ұстанған адамның бойына ерекше жігер мен күш-қуаттың, былайша айтқанда, шығармашылық ой-қуаттың даритыны белгілі. Діни сенім мен құндылықтар азаматтардың бойына имандылық пен әдептілікті ұялатады, тазалық пен сабырлыққа шақырады. Нағыз діндар адамның сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясы өзгеше де ерекше қалыптасады. Шын таза діндар азаматтар мемлекетке аса ерекше ықыласпен, құрметпен қарайды, билікке мойынсұнады және отаншыл келеді. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал ел бірлігі мықты болса, онда мемлекет те мықты, оның іргесі де нық берік. Біздің Елбасымыздың саясатының басты бағыты да осы. Сондықтан да қазір біз санамызды тазартып, ұлттық рухымызды оятуымызға, халқымызды рухани жұтаңдықтан шығаруға жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қорытындылай келе, берекеміз тасып, бірлігіміз артып нығая түссін десек, біз халқымыздың бүгінгі таңда елімізде қалыптасқан конфессияаралық келісімді сақтап, халықтың діни сауаттылығын көтеріп, оны күшейтіп нығайтуымыз керек.
 

С.ЖАРҚЫНБЕКОВ,
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы