Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай №2 орта мектебінде мерекелік кеш ұйымдастырылды.Ақпан айының басында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын шараға биыл Мұқағали Мақатаевтың туғанына 85 жыл толуына арналған мерекелік шараға оқушылар үлкен шығармашылық дайындықпен қатысты. Осы іс-шаралардың негізгі мақсаты: Мұқағалидің шығармаларын ұмытпай насихаттап, келешекке аманат ету. Дарынды әрі шығармашыл балаларды анықтау, марапаттау, ақынның өлеңдері арқылы отансүйгіштікке, адамгершілікке, әсемдік пен әдемілікке тәрбиелеу.
Мұқағали өлеңдерін сүйіп оқитын балалар Мұқағалидің өлеңдерін мәнерлеп, тебірене оқыды, сөзіне жазылған әндерін шырқады. Ақиық ақынға арнап шығарған өлеңдері мен шығармаларын да арнады. Мерекелік шара барысында ақынның өмірінен қысқаша презентация көрсетіліп, өзінің дауысында оқыған өлеңдері тыңдалды. Сыныптарда сынып сағаттары өткізілсе, бастауыш сынып оқушылары арасында байқау өткізілді. Мерекелік шараға белсенділік білдіріп байқауда үздік өнер көрсеткен оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталып, жыр жинақтарыныңң кітапшалары табысталып ынталандырылды.
МӘҢГІЛІК ЖЫРҒА ТАҒЗЫМ
Ақпан айында №24 лицейде қазақтың ақиық ақыны, Қазақстан Респуликасының мемлекеттік сыйлығының иегері Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерейлі мерекесіне арналған оқушылар арасында «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты байқау болып өтті.
Байқауға арнайы қонақтар: «Алаш» сыйлығының лауреаты, Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері, мұқағалитанушы, ақын - Оразақын Асқар ҚР Мәдениет қайраткері, ауданымыздың «Құрметті азаматы», аудандық кітапхана директоры - Жәбиева Мейрамгүл Түйебайқызы және аудандық кітапхана мен аудандық балалар кітапханасының қызметкерлері шақырылды.
Оразақын аға мұзбалақ ақынды ауылына іздеп барғанын, тіршілігінде қандай адам екенін айтып әңгімелеп берді. Сексеннің сеңгіріне шыққан Оразақын ағамен кездесудің өзі балаларға үлкен әсер қалдырды.
Байқауға 5-9 сынып оқушылары арасынан 17 оқушы қатысты. Әрбір қатысушылар байқаудың 6 шартын толық орындап шықты. Қонақтар арасынан сайланған әділқазылар алқасы тиісті әділ бағасын беріп, байқау қорытындысын шығарды. І-орынды 7 «А» сынып оқушысы Дана Тұрысбекова мен 6 «Б» сынып оқушысы Дамир Мәлікақын, ІІ-орынды 9 «Б» сынып оқушысы Ақпейіл Женисова, 8 «Ә» сынып оқушысы Лаура Нұрболат, ІІІ-орынды 7 «Б» сынып оқушысы Элнара Тайфурова мен 9 «А» сынып оқушысы Несібелі Даниярқызы иеленді. Оза шауып бәйге алған оқушыларды қонақ болып келген ақын ағамыз бен Мейрамгүл Түйебайқызы марапаттады.
«Мұқағали - ғасыр ақыны» тақырыбымен кітап көрмесі ұйымдастырылды, библиографиялық шолуды кітапханашы Жуас Назреке жасады. Байқау барысында «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты слайд-презентация экраннан көрсетіліп тұрды. Іс-шара соңында барлық оқушылар ақын ағаларымен бірге естелікке суретке түсіп жатты.
|