БАСТЫ

 
 
 

ТАУЫҚ ЖЫЛЫ ТАБЫСТЫ БОЛСЫН

09.01.2017

 

Әдетте, келген Жаңа жылдан тек жақсылықтар күтіп, ақ тілектеріміздің, үкілеген үміттеріміздің жүзеге асатындығына сеніміміз молаяды. Ұшқыр арман-қиялдарымыздың, межелеген жоспарларымыздың орындалуын болашақтың еншісіне қанат етіп байлайтындығымыз да сондықтан. Болашаққа аманат арта отырып, өткенге де өкпелемей, рахмет айтуды да ұмытпаймыз. Иә, Мешін жылын жылжытып артқа тастаған біздер, Тауық жылын ерекше ықыласпен, жақсы үмітпен қарсы алып отырмыз.

Шығыс күнтізбесі бойынша 2017 жыл - Тауық жылы. Мүшел есебінің оныншы жылын қызыл немесе отты қораз жылы деп те атайды. Өр мінезді, жарқын, көзге түсіп жүргенді ұнататын, мадақты сүйетін бұл құс бүкіл жыл бойына әсер етеді. Жыл өмірлік күш-қуаты мол, белсенді, үнемі алға, қимыл-қозғалысқа ұмтылып тұратын желөкпе қораздың сипатын бейнелейді. Сондықтан да бұл жылы іс-әрекетте батыл, белсенді болған жөн, алға ұмтылу, істі қорықпай бастап, аяғына дейін жеткізу қажет. Серіктестермен қарым-қатынасты нығайтып отыру, туыстар мен әріптестерді тыңдай, түсіне білу маңызды. Қораз мінезін ескерсек, бізге әрекетсіз отыруға болмайды. Шешімді тез қабылдайтын, жарқын істерге бейім, белсенді жандар табысқа жетеді. Шығыс болжамдары бойынша тауық ерте оянады, тәртіпті қадағалап, бақылайды. Сол себепті алдағы жылы қоғамдық өмірімізде өз жолымыздан жаңылмай, жаңашылдыққа талпынып, барлығын бақылауда ұстауға тырысуымыз қажет. Сонда ғана сәттілік үнемі біздің жағымызда болады.

Жаңа жыл өткеннің қорытындысын жасап, атқарылған істі саралайтын кезең екенін ескерсек, өткен жыл еліміз үшін көптеген жақсылықтарымен, қуаныштарымен, ерекше оқиғаларымен есте қалды. Осы орайда Мешін жылына өкпе арта алмаймыз. Дүниені жайлаған дағдарысқа қарамастан, еліміз қиын-қыстау кезеңнен жұрты - аман, жері - бүтін шығып, алдағы жылға жақсылықпен иек артып отыр. Бұл былтырғы басты табысымыз. Сол табысқа жеткізген Тәуелсіздігімізге де ширек ғасыр толды. Осы бір баға жетпес байлығымыздың 25 жылдығын Қазақстан халқы кеңінен атап өтті. Ол да бір белес, болашаққа  жасалған нық қадам.

Осы күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, Тәуелсіздік үшін күресіп, тар жол тайғақ кешкен, егеменді ел болуды аңсап, соның құрбаны болып кеткен арыстарымызды ұмытуға қақымыз жоқ. Өткен жылы Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы да халықаралық деңгейде аталып өтті. Жалынды жастарымыздың жаңа ғасырға, жаңа еркін өмірге қадам жасаған Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы да осы жылы болды. Тәуба, Тәуелсіздігіміз тұғырлы да, баянды, ғұмырлы болсын! Ал биылғы жылы біз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен егеменді елімізде татулық пен достықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ынтымақтастық пен бірліктің бұзылмас  қамалы берік орнаған. Кез-келген қиындықты жеңіп, жайсыздықтарды артқа тастап, алға қарай нық қадам жасауымыз да ауызбірліктің, ұйымшылдықтың  нәтижесі.  Жаңа жылда толағай табыстарға жетіп, еліміз игілікке, мемлекетіміз молшылыққа кенеле бергей! Халқымыздың дені сау болып, әр шаңырақ  шат-шадыман шаттыққа бөлене берсін дегім келеді.

 

Роза АЙДАРБЕКОВА.