Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы
аясына Алматы облыстық ардагерлер ұйымының бастамасымен өтіп жатқан «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» акциясы №40 орта мектепте Боралдай кенті әкім аппараты мамандары мен ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен өтті.
Боралдайлық ақсақалдар акциясының басын жаңа құрылыс елді мекеніне «Жайнақ» есімін беруден бастады. Боралдай кентінің «Жаңақұрылыс» ықшамауданына 1865 жылдары болыс болған, Боралдай және қазіргі Комсомол селосы өңіріне 30-ға жуық алғашқы қазақ отбасыларын Қордай өңірінен көшіріп әкеліп, қоныстандырған Жайнақ Қараталов аты беріліп, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасы Ә. Исаев, қазақтың біртуар ақыны К. Әзербаевтың қызы Т. Кененқызы сөз сөйлеп, ресми ашылу салтанатына қатысты. Ендігі 1800- дей түтіні бар «Жайнақ» ықшам ауданында орналасқан №40 орта мектеп акт залында кенттің әкімі М. Сәлімбаев, ақсақалдар кеңесі төрағасы А. Күдербаев пен аналар кеңесінің төрайымы М.Қаламбаева бастаған бір топ ақсақалдар мен аналар қазақтың ежелден келе жатқан «Көже айырылысу» дәстүрін және кенттің көркемөнерпаздар концертін көрермендер назарына тарту етті.
Боралдай кенті «Жайнақ» ықшам ауданының бұрылысына Ұлы Отан соғысы ардагері Көшерхан Әлімбаев ақсақалдың немересі Д .Қорғанбаев тұрғындар жауын-қарда тұрмауы үшін өз есебінен аялдама тұрғызып берді. Аялдама мен елді-мекен атының тұсауын округ ақсақалдары өз қолымен ашып Амангелді Күдербаев ағамыз ақ батасын берді.
«Жайнақ» ықшам ауданындағы №40 орта мектептің ауласына ақ шаңқан қос киіз үй тігіліп, ішіне ақ дастархан жайылған. Ауыл адамдары тегіс округтерден келген қонақтарды ойын-күлкі, дәстүрлі әнмен қарсы алды. Ал мектептің кіре берісі №15, №39 мектеп-гимназиясының, ауылдық кітапхана, Боралдай кентіндегі көпсалалы үздіксіз білім беру колледжінің көрмелері қойылған. Ал сахнада ардагерлер «Көже айырылысу» дәстүрін көрсетті. Аталған ғұрыптық асқа қатысушылар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған, ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға өзара тілек білдірісті. Көрші болған үйлер мен ағайын-туыс мал қамымен қоныс аударып, жайлау өзгертіп көшетін болғандықтан ет асып, барлығы сол қазаннан ас ішті. Көшетін үй иелері әрбір үйден дәм татты.
Бұл – семантикалық мәнді рәсім. Өйткені, қазан береке-бірліктің, «дәм-тұзы жарасқандықтың» символы, ал, бір қазаннан ас ішу береке-бірлікті, татулықты тілеуді бейнелейді. Соңғы кезде түрлі жағдайға байланысты бір ауылда отырған қауымнан бір үй көшіп кетер алдында «айырылысу көжесін» немесе «ажырасар аяқ» жасап, оған сол жерде қалып бара жатқан туған-туысқандарын, дос-жарандарын шақыру рәсімі қалыптасты.
Шара соңында Боралдай ардагерлері сахна төріне Жетіген ауылдық Ардагерлер кеңесінің мүшелері шақырылып, тойбастар тарту етіліп, кезекті сол ауылға берді.

|