БАСТЫ

 
 
 
ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМЫЗ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТОЙЛАДЫ 08.12.2016

 

Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық ардагерлеріміз  Междуреченск ауылындағы Мәдениет үйінде «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты қолөнер және ән-би байқауын өткізді. Байқауға қатысатын қарттар ауданымыздың барлық округінен келді.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қолөнер шеберлерінің  түрлі жанрдағы шығармаларымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Ә.Исаев, асылдың сынығы, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Т.Кененқызы, Междуреченск ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Жармағанбетовтар танысып, әділ бағаларын берді.  Көрмеде қарттарымыздың шеберлігі бірінен-бірі өтеді. Шебер қолдардан шыққан кілемше, алаша, майлы бояумен, жәй қарындашпен салынған суреттер көздің жауын алады.

Ащыбұлақтан келген Көкем Шархан апамыз:

- Құрақ құрап, өрнек салуды көзімді ашқалы білемін. Әлі де үйде отырғанда құрақтың түр-түрін жасаймын. Қолөнерді кейінгі жастарға тастап кеткім келеді. Олар көріп өссе, көздері үйреніп, қолдары да епті бола ма деген ниетпен, қартайсам да осы өнерімді тастамай келемін, - дейді  ағынан жарыла.

Қойдың күзем жүнінен текемет басып, қолөнер көрмесіне ұлттық нақыштағы үй әшекейлерін әкелген, ою-өрнектерін өзі илеген киізге салып жүрген тағы бір ащыбұлақтық Қ.Далибаева да өзінің қолынан шыққан дүниелерін көрсетіп, таныстырды. Ол: халық арасында ұлттық ою салынған киізге сұраныс көп дейді.

Көрме туралы ойын білдірген комиссия мүшесі асылдың сынығы Төрткен Кененқызы:

- Қолөнер дүниежүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырып келеді. Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көп қолданып жүр. Оның орындалу технологиясына да ерекшеліктер енгізіп отыр. Неше түрлі жібек, жылтыр жіптер қолданылады. Дегенмен көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған байқау осы қолөнер шеберлерін жарыққа шығару және халыққа таныстыру - дейді.

Азаттықты дәріптеп, тағылымды танытқан шараға 18 қария қатысты. Сахна төрінде биден ерекшеленгендер қатарында боралдайлық М.Қаламбаева мен 81 жастағы қариямыз Т.Күлмесханұлының орындауындағы «Қара жорға» биі көптің көңілінен шықса, қараойлық Қ.Әлімбаев ағамыз қыл қалам шебері ғана емес, гитарамен де ән айта алатынын көрсетті. Әрине ән айтылғанда Кенен атамыздың қызы Төрткен  Кененқызындай күміс көмей әншілер аз ғой. Өтеген батыр кенті атынан келген Төрткен апамыз Кенен Әзербаевтың «Сөйле тілім» әнін әуелетті. Әр қарияның өнерін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бәрі де әр ауылдың ардақ тұтар азаматтары. Енді міне, олар барша аудан жастарын үлгілі іске насихаттап отыр. Қазақтың байырғы заманнан қалыптасқан салты мен бүгінгі дәстүрі дәріптелген шарада тәрбиенің озық үлгісі паш етілді. Қариялар амандық-саулық сұрасып, аталы сөздің қадіріне жете білді.

Айта кетейік, айтулы шара аудан көлемінде Тәуелсіздік тойы қарсаңында қолға алынған 25 игі істің  айбынын асқақтатудың бір көрінісі болып табылады.