БАСТЫ > 

 
 
БАЙСЕРКЕДЕГІ БЕРЕКЕЛІ КҮЗ 08.11.2017

                    

Қазан айындағы шуақты күрең күздің берекелі күнінде Байсерке ауылдық округіндегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Құрманғали Кенжеқұловтың ұйымдастыруымен Байсерке ауылдық округіндегі «Бәйге төбеде» Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында ұлттық спортымыз көкпар тартылды. Көкпарға Байсерке ауылынан сайдың тасындай 30-ға жуық көкпаршы жігіттер қатысты.

Округте өткен шараға аудан тұрғындары ғана емес, көршілес аудандардан арнайы барғандар да куә болды. Құрманғали ағамыз ұйымдастыру жайлы былай деген еді:

– «Ұлттық кодымыз Ұлттық спорт десе делебесі қозып тұратын қазақ жігітерінің бойында. Ол – көкпар. Көкпар нағыз исі қазақтың төл ойыны. Бұл ойынның бәсекелік сипаты арқылы ауыл азаматтарының күші мен ептілігін арттырып, батылдық пен ерлік қасиеттерін дамыту» – дегенді алға тартты.

Жиналғандар жарысты соңына дейін тамашалап, көрермендерге арнайы тігілген шатырдың асында тамаша демалыс күнін өткізді. Ұлттық спорт ұлықталған шараға Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Асхат Бариев қатысып: «Байсеркеде бұрын-соңды мұндай ауқымды көкпар ойыны өтпеген. Бастамамызды округ әкімі қолдаса келесі жылы да осы уақытта жарысты өткіземіз деп ойлаймын. Ұлттық спортты ұлықтауға арналған шаралар алдағы уақытта да жалғасады», – деді.

«Көкпар» сайысының қорытындысы бойынша жүлделі орын иелері ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ауыл жігіттері де ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.