Өткен аптада Өтеген батыр кентіндегі «Мақсат» тойханасында «Болашақ» Әлеуметтік азаматтық базис» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Бекходжаева және аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық пен қатігездіктің алдын-алу шаралары» тақырыбында семинар өтті.
Семинарда «Қазақстан дағдарыс орталықтарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы З.Байсақова «Балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық пен қатігездіктің алдын-алу шаралары» тақырыбында дәріс оқыды.
Онда отбасындағы құндылықтарды сақтау мен қастерлеу бүгінгі жаңа қоғамның парызы екендігі туралы айтылды. Адам саудасы мен оның айналасындағы құйтырқы істердің жыл өткен сайын белең алып бара жатқаны туралы сөз болды. Осы ғасыр індеттерінің қатарына жататын адам саудасының алдын-алу шаралары жайлы кеңінен түсіндірме жұмыстарын слайд арқылы жүргізді. Дәріскер З.Байсақова: - «Ескінің көзі салт-дәстүрімізден айнып, заманауи үрдіске бойлары үйреніп барады. Оларды имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу қоғамның ортақ парызы екендігін біржолата жадымыздан өшіруге тақалдық» - деді. Ұл мен қыздың, келін мен күйеубаланың міндеті, ата мен ененің жолы сияқты отбасылық мәселелерге кеңінен тоқталды.
Семинар барысында адам саудасы кезінде телефоны 116-16 нөміріне және балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық оқиғасына куә болған жағдайда телефоны 150 нөміріне қоңырау соғуды тапсырды.
Отбасы ол кез-келген қоғамның алтын діңгегі емес пе? Сол себептен бүгінгі жиынға қатысқандар қажетті кеңес алды деп ойлаймын. Осындай танымдық кеңес беру жиындары жиі ұйымдастырылып тұрса, нұр үстіне нұр еді.

|