Алдымен ардагеріне құрмет көрсетіп, үлкендерімізді пір тұтатын халықпыз ғой. Осы үрдіс аудан әкімі Қ. Медеуовтың де басты ережелердің бірі. Мерекелер мен қоғамдық іс-шараларды қариялардың ақ батасымен бастап, ақыл сұрап, өз ісін жалғастырды. Жақында аудан басшысының ұйымдастырумен тағы да бір игі іс атқарылды. Еліміздегі елеулі жаңалықтың бірі, бірегейі әлемді өзіне қаратқан EXPO – 2017 халық аралық көрмесіне 25 еңбек ардагерлерінің басын қосып, жол пұлын көтеріп, жатын орындарына дейін дайындап, Астана қаласына делегация ретінде жіберді. Бір топ Іле ауданының ардагерлері Ұлы Даламыздың бас қаласы асқақ Астана шаһарында болып, EXPO – 2017 халықаралық көрмесін аралап, сұлу астанамыздың көрікті жерлерін тамашалап, әсерленіп қайтты.
Кешқұрым әсем Алматы қаласынан жолға шыққан Іле ауданының 25 еңбек ардагерлерінен құралған делегация таң арайланып атқанда Астанаға жетті. Делегацияны темір жол вокзалынан күтіп алған EXPO – 2017 халықаралық көрмесінің гиді Арай Идрисова алдын-ала әзірленген жайлы қонақ үйге ардагерлерді орналастырып, таңғы астан кейін оларды халықаралық көрмеге бастап апарды. Қазақ елінің «Нұр әлем» деп аталатын ұлттық павильоны көзге бірден шалынатын домалақ шар қаланың қай бұрышынан да қарасаңыз менмұңдалап тұрады. Ардагерлер көрмені аралауды ең алдымен Қазақстанның ұлттық павильонымен танысудан бастады. Еліміздің ұлттық көрмесімен танысу мұнда әдеттегідей төменнен емес, керісінше, ең жоғарғы – сегізінші қабаттан басталады екен. Сегіз қабатты түгелдей дерлік мүлде дыбысы білінбейтін екі жел генераторы салқындатып тұр. Қазақстан павильонының ең жоғарғы қабатындағы көрме «Болашақ Астана» деп аталады. Мұнда қойылған үлгі-жоба яғни, макеттерден 2050 жылға қарай Астананың қандай көрікті қалаға айналатынын бағамдауға болады. «Ғарыш қуаты» аталған жетінші қабаттан еліміздің ғарыш қуатын өндіру жөніндегі ғылыми жобалармен танысуға мүмкіндік аласыз. Алтыншы қабатқа қойылған экспонаттардан күн қуатының күні кеше қалай игерілгенін және бүгінгі күні қандай іс-шараларда қолданылып отырғанынан толық мағлұмат алуға болады. Алыстан келгеннен болар аздап шаршаңқыраған қарияларды бірінші қабатқа түсірді. Мұнда «Ұлттық павильон» орналасқан. Осындағы бес мың шаршы метр аумаққа орналасқан көрме «Қазақстанмен танысу», «Жасампаз энергия» деген тақырыппен екі бөлімге бөлінген. Алғашқы бөлім келушілерге еліміздің табиғаты, мәдениеті, тарихы туралы сыр шертеді. Ал екінші бөлімде қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістері және «Токамак» термоядролық реакторының қазақстандық моделі туралы толық мағлұмат ала аласыз.
Одан кейін ілеліктер Италия, Германия, Чехия республикаларының павильондарын аралады. Осылай ақсақалдардың Елордадағы алғашқы күндері қызу өтті. Екінші күндерін Астана қаласының әсем жерлерін аралап, ескерткіш суретке түсті. Хазірет Әлі мешіті, орталық алаң, хайтек дизайнымен салынған заманауи ғимараттарды аралап көрді. Есіл жағалауында болып, түстенгеннен кейін Астанамен қоштасу сәті де келді. Әрқайсысының көңілдері шаттанып, керемет әсерленгендері көрініп тұрды. Осынау экскурсияны ұйымдастырған аудан әкімі Қ.Медеуовке ризашылығын білдіріп, үлкен қуанышқа бөленгендерін жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, Ардагерлер кеңесі аудан әкімінің аппаратымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Зейнеткерлерге бос уақыттарын тиімді өткізуге көмектесіп отырады. Дойбы, шахмат, бойынша спорттық шаралар өткізеді. Басқа демалыс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады.


|