Халық ақыны, күміс көмей, жезтаңдай әнші, жыршы Кенен Әзербаевтың сүйікті қызы, ән мұрагері Төрткен Кененқызы ҚР-ның «Мәдениет қайраткері», ҚР-ы «Халық ағарту ісінің үздігі», Іле ауданының «Құрметті азаматы». Нағыз текті атаның ұрпағы парасаты мол Төрткен апамыз сексеннің сеңгіріне шығып отыр екен. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, Төрткен апа!
Мен өзім кішкентайымнан ән салып, домбыра тартып өскенмін. Кенен атаның әндерін радиодан тыңдап, естіп жаттап өстім. Ауылда той-томалақтарда үлкен ақсақалдар «Кенен әнін айтшы» деп маған айтқызатын. Әлі де ол кісінің «Қайран жастық», «Ой жайлау», «Бір жас бар он жас деген» ән-жырлары қоржынымда бар.
Төрткен апа - өзіңізбен Іле ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып тұрғанда бес-алты жыл бірге жұмыс атқарған күндерім бүгінгідей есімде. Өзіңіз жетекшілік етіп әрбір округтерде өткізген көшпелі семинарлар өте үлкен сабақ болды десем, артық айтқандық емес. Елдің ішін жете танып, сол жердегі тұрғындардың әл-аухаты, тұрмыс-тіршіліктерімен жете танысуға зор септігін тигізді. Бұл арада соңыңыздан ерген кейінгі жастарға өмірлік сабақ болды десем артық айтқандық емес.
Төрткен апа! Сіздің өнегелі өмір жолыңыз, өнерімізге қосқан үлесіңізді бір сөзбен айтқызып жеткізу мүмкін емес. Елім деп туған балаға келешек жастарға, жарық сеәулесінің шырақшысы бола білген жансыз. Сізге алдағы уақытта зор денсаулық, баянды бақыт, ұл-қыздарыңызбен, немере-шөберелеріңіздің арасында күліп-ойнап жүре беріңіз. Көңіліңіз көктемнің гүліндей шуақ шаша берсін!
|