26 қаңтар күні аудан әкімінің және Междуреченск ауылдық округі әкімінің Междуреченск ауылы тұрғындары алдында есеп беру кездесуі өтті.
Басты қозғалған мәселенің бірі Жауғашты ауылындағы кәріз құбырлары мен ауыл ішіндегі жолдарды күрделі жөндеуден өткізу туралы айтылды. Оған аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, «Өңірлерді дамыту» бойынша ауылдың жолдарын жөндеуден өткізетін болады.
Екінші мәселеде «Шабыт» ықшам ауданы бойынша қоғамдық көліктің дұрыс қатынамауы жайлы сөз болды. Одан кейін жаңадан бой көтеріп келе жатқан ықшам ауданына жаңа мектеп, ауылдық амбулатория мен учаскелік пункттерді салу туралы сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарылды. Есептік кездесуді өткізген аудан әкімнің орынбасары Н. Құматаевқа тұрғындар тарапынан Қарасай ауданымен жалғап жатқан су қоймасынан шыққан жаман иісті жою туралы өтініш жасалды. Бұл мәселеде аудан әкімшілігі тарапынан түбегейлі қолға алатыны айтылды. Айта кетейік, Междуреченск ауылындағы Қарасай мен Іле ауданына ортақ ескі су қоймасы қазір үлкен дауға айналған. Өйткені, жаздың аптап ыстығында су қоймасынан жаман иістер шығып, Междуреченск ауылын ластап жатыр. Бұл жайлы талай газетке жазылып, экологтар дабыл қаққанымен әлі сол қалпында қалған. Енді тікелей аудан басшылығының араласуымен бір жақты етілетініне уәде берді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары округтегі ветеринариялық орталықтың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Ветеринариялық орталық ауыл ортасында орналасқанымен ешқандай талапқа сай келмейді екен. Ал, ветеринария мамандары болашақта мал дәрігерлік пункттің салынатынын айтып ақталды. Әрі қарай жайылымдық жер аумағының аздығымен қатар ауылдағы жекеменшік ірі қараны бағатын адамның жоқтығы айтылды. Аудан басшысы алдағы уақытта осы мәселе шешімін табатынын ескертті.
Есептік кездесу барысында Жауғашты ауылында құрылған жергілікті қоғамдастықтың жұмысы туралы қысқаша айтылды. 2017 жылы «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында Жауғашты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункті қолданысқа берілгенін қуанышпен жеткізді.
Жиын соңында сөз сөйлегендер Междуреченск ауылы жергілікті қоғамдастықтың мүшесі С.Баймухамбетов, Жауғашты ауылының тұрғыны, зейнеткер, А.Владимиров, Екпінді ауылы, № 48 орта мектеп директоры Г. Байтокова, Екпінді ауылы жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Н.Гусейнов, «Шабыт» ықшам ауданының тұрғыны Р. Тлеміс аудан әкімі мен округ әкімінің жылдық есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Аудан әкімі, округ әкімі кездесу барысында қойылған сұрақтарға толық жауап берді.

|