БАСТЫ > 

 
 
АВИАЦИЯ КАДЕТІ АШЫЛДЫ 07.12.2017

                    

Жетіген ауылындағы №11 жалпы білім беру мектебінің базасында жаңадан құрылған «Жас қыран» атты әскери кадет сыныптарының ант қабылдау салтанатты кеші өтті. Кадет сыныбы аудан көлемінде екінші окрукте ашу қолға алынып отыр. Кадет ашудағы басты мақсат – жастарды отаншылдыққа баулу, әскери өмірге мектеп қабырғасынан бастап үйрету. Әлеуметтік, патриоттық тәрбие мен, интеллектуалдық, рухани, моральдық және физикалық дамуы процесінде оқушылардың белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, Отанын қорғауға, сүюге баулу. Әрине, оған арнайы іріктеуден өткен оқушылар қабылданады. Сыныпты оқу-құралдарымен жабдықтап, дәріс өту үшін арнайы мамандармен қамтамасыз етілген. 

«Жас қыран» азаматтық авиациялық кадет сыныбында сынып 42 оқушыдан құралған, оның ішінде 22 қазақ сынып, 20 оқушы орыс сыныбында оқиды. Олар үшін арнайы мектеп формасы дайындалған. Кадет сыныбының оқу жылы жаңа бағдарлама бойынша басталды, онда арнайы қосымша пәндер енгізілді.

«Біздің кадеттер – арнайы топта оқуға ынтасын танытқан және сынақ тапсыру арқылы әртүрлі мектептен таңдалып алынған бесінші сынып оқушыларынан тұрады. Жалпы білім беру бағдарламасына ешқандай да жаңалықтар енгізілмеді, тек қосымша пән ретінде құқықтану, заңтану бойынша сабақтар енгізілді. Яғни, құқық қорғау тақырыбы аясындағы қосымша сабақтар түріндегі пәндер», – деді полковник Бақыткелді Дүтбаев.

Кадет сыныбын құру туралы жоба соңғы бірнеше жыл бойы облыстық Білім басқармасының рұқсатымен аудандық білім бөлімінің қолдауымен іске асуда.

«Кадет сыныбын құру кезінде оқушылардың жүктемесі, балалардың жас мөлшері, оқыту ерекшелігі, пәндерді оқыту және жүргізу сияқты түрлі кедергілер ескерілді. Қосымша пәндерді білімі бар тәжірибелі мамандар жүргізетін болады», – деді өз сөзінде №11 орта мектеп директоры Г. Альменова.

Аталған сынып жас азаматтық авиация көмекшілерін дайындайтын болады. Олардың сабақ кестесінде саптық дайындық және авиацияға қатысты тереңірек позицияларды оқыту енгізілген. Сонымен қатар, Алматы қаласы Азаматтық авиация жанындағы авиация колледжімен бірлесіп ережелерді білу де оқытылады.

Кадетке Жетіген ауылының азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Соцалистік Еңбек Ері Жексенбек Құдайбергеновтың есімі берілді.

Балалар жалпы бiлiм бағдарламасымен қатар, әскерге қатысты бiлiмдi де жинақтап, келiсiмшарт бойынша әскер қатарына белгiлi бiр әзiрлiктермен қабылдана алады.

Сонымен қатар кадет сыныбында білім алушы шәкірттер арнайы шақырумен Жетіген округіндегі №20709 әскери бөлімінде арнайы әуе техникаларымен танысты. Жетіген гарнизонының бастығы Ә.Бектұрсынов пен әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, бөлім бастығы, подполковник Т. Миталипов кадет оқушыларын заманауи әскери техникаларымен таныстырып, атқаратын қызметін түсіндіріп берді.

Жаңадан ашылған кадет сыныбы қандай нәтиже беретіні алдағы күндердің еншісінде. Оған дейін сыныпқа қадам басқан жас талаптар инемен құдық қазғандай білім алып, өмірлік армандарына қол жеткізуге ұмтыла бермек.