Тәуелсіздік пен тіл... Осы бір қасиетті ұғымдарды егіз қозыдай қатар атау олардың адам өміріндегі алатын орнын айшықтайды. Яғни, тілсіз тәуелсіздіктің, тәуелсіздіксіз тілдің ғұмырының баянды болуы мүмкін емес екендігін аңғарамыз. Тіл - тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясаттың арқасында мемлекеттік тіліміз бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ой елегінен өткізер болсақ, уақыт ішінде сындарлы тіл саясатын жүргізуде, соның ең бастысы - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде толымды табыстаhға қол жеткізгеніміз баршаға аян.
Қазақта «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз бар. Тілді үйрену отбасынан, балабақшадан, мектептен басталады. Ауданымызда жыл сайын қазақ тілінде тәрбие беретін мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің саны артуда. Тәуелсіздік алғалы бері 25 жылда ауданда 8 қазақ тілінде тәрбие беретін мемлекеттік балабақша ашылса, көптеген жеке кәсіпкерлер арқасында жекеменшік балабақшалардың басым бөлігі мемлекеттік тілде тәрбие беруі - көңілге қуаныш ұялатады.
Білім беру мекемелерінің атаулары ономастикалық атауларға сәйкес. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері елімізге танымал тұлғалар Әнуар Молдабеков, Мұқағали Мақатаев, Кенен Әзірбаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Тоқаш Бокин, Тұрғанбек Қатаев сынды тұлғалар атымен аталады. Білім мекемелерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыратын тілдік шаралар елімізге белгілі ақын жазушылар мен қоғам қайраткерлері М.Шаханов, А.Осман, И.Сапарбай тағы басқа зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстелдер, кездесулер, пікірталастар өткізіліп тұрады.
Алаш атын аспанға шығаратын бүгінгі қоғам жастары. Ауданда 50 363 жастар болса, бұл тұрғындарың 30 пайызын жастар құрайды деген сөз. Олардың да мемлекеттік тілге, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімін арттыру мақсатында өзге ұлт жастары арасында «Абай оқулары», «Тіл парасат», байқаулары үш тілді меңгерген жастар арасында өткізілген «Тіл шебері», орыс тілі білгірлері арасында өткен «Ой сана», әртүрлі 16-22 жас аралығындағы жастар арасындағы «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» байқауы сынды аудандық тілдік шаралар тұрақты өткізіліп жүр. Аталған байқау жеңімпаздары облыста, республикада аудан намысын қорғап жүлделі орындарға ие болуда. Үш тілді жетік меңгерген байсеркелік Аққожа Дастан республикалық үш тілді меңгерген жастар арасындағы «Тіл шебері» байқауында бас жүлдеге ие болды.
«Арманыңды тіл айтар, тіл айтпаса, кім айтар» деген керемет сөз бар қазақта. Мемлекеттік тіл мәселесінде ерекше назар аударатын бағыттың бірі - көрнекі ақпарат құралдары. Оның қызметі халыққа тек қана ақпарат берумен шектелмейді. Сонымен қатар идеологиялық насихат тұрғысында да ықпалы күшті. Сондықтан оған тіл саясатының сүбелі саласы ретінде жіті мән берілуіне байланысты аудандағы көрнекі ақпараттарға аудандық тіл және қоғамдық ономастика жұмысшы тобы мүшелерімен тоқсанына бір рет рейд жүргізіліп тұрады. Десек те, жарымжан жарнамалардың жағдайы тиісті органдардан бөлек жекелеген кәсіп иелері мен ауыл тұрғындары, жергілікті белсенді азаматтардың да назарынан тыс қалмаса екен деген ойдамыз.
Әлеуметтік-мәдени маңызға ие кез-келген нысан атауы өзгертілер болса, қоғамдық пікір қалыптастыру үрдісі ежелден бар. Басы ауыл, елді мекен атауларын, соңы мектеп, мәдени нысан, көше аттары өзгертілер тұста жергілікті халық пен қоғамдық кеңестер, ауыл тұрғындары мен ауыл ақсақалдары, елдің, жердің тарихын таразылайтын көнекөз қариялардың белсенділігі маңызды.
Еліміздің тәуелсіздігі орнағаннан бергі жылдарда ауданымыздың елді мекендерін, физикалық-географиялық атауларын, көшелерін және тағы басқа орындарын атау мен қайта атау барысында халықтың ұсыныс-пікірлеріне сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні аудан бойынша барлығы 1 кенттік, 9 ауылдық округте 31 елді-мекен, 2100 көше тіркелген. Аудандағы кеңестік дәуірден қалған көшелерді тәуелсіздігіміз бен елдігімізді насихаттайтын жер, су атауларымен батырлар мен ақын жыраулардың еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің есімімен атау туралы жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Тәуелсіз Отанымыз алдында тұрған әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену мақсаты көпұлтты Қазақстан халқының ынтымақтастығы мен бірлігінсіз мүмкін емес. Жалпы, қазақстандық патриотизм кіндік қаның тамған жерге деген ерекше қасиет - сүйіспеншіліктен туындайды. Ал, осындай қасиетті сезімдерді тек қазақ халқының ғана емес, ауданымызды мекендейтін өзге де этностардың бойына себе білсек, қоғамдағы саяси және экономикалық міндеттердің барлығын шешуге мүмкіндік туатыны сөзсіз. Тіліміздің тағдыры - өзіміздің тағдырымыз. Атадан балаға мирас болып қалған Ана тілін білу - әркімнің азаматтық борышы. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалаптасады. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс.
Егеменді еліміздің ертеңі жарқын болуының шарты - тілге құрмет көрсетуіміз қажет. Тіл - ұлттың ұлт болып қалыптасуының ең бірінші шарты. Ұлттың ұлы игілігі.
|