БАСТЫ > 

 
 
 
ЕКІ АУЫЛДАҒЫ ОРТАҚ ҚУАНЫШ 07.09.2016


          Айғайлап жүрегім,

Қуанышқа толып тұр.

Асыққан қыркүйегім,

Қоңырауын соғып тұр, - демекші 1 қыркүйек - Білім мерекесі күні Еліміздің түпкір-түпкірінде алғашқы қоңырау соғылып, шәкірттер өздерінің сүйікті мектептерімен қуана қауышты. Дәл осы күні ауданымызда екі жаңа мектеп есігін айқара ашып, оқушыларды қабылдады. Мұның өзі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толу мерекесі қарсаңында ата-аналар мен жас ұрпаққа тартылған сый іспетті. 600 орынды жаңа білім мекемесінің бірі Боралдай кенттік, екіншісі Ащыбұлақ  ауылдық округтеріне қарасты жаңа құрылыс ықшам ауданы және Жәпек батыр елді мекендеріне  орналасқан.

Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясы аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ашылған жаңа мектептің бірі Боралдай кенттік округіне қарасты жаңа құрылыс ықшам ауданында бой көтерген әсем ғимарат. Бүгінгі заман талабына салынған жаңа мектептің құрылысын «СКБ Контрэкшен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салыпты. Құрылыстың құны бір жарым миллиард теңгені құрайды. Ауласы ат шаптырым жерді алып жатқан бұл сәнді ғимарат осы елді мекеннің  сәулетін арттырып, көркіне көрік қосып тұрғандай. 600 балаға арналған мектепте 32 оқу бөлмесі, химия, физика, биология, мультимедиялық лингафон, информатика кабинеттері мен үлкен  спорт  залы.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Махатұлы Тұрлашев, аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Ашылу салтанатында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Махатұлы өз сөзінде: «Елбасының 100 нақты қадам Ұлт жоспарында білім беру жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінгендігін, мұның өзі өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, оларды заман талабына сай әлемдік бәсекеге қабілетті етіп қалыптастыруға мүмкіндік тұғызатынын» қадап айтты. Облыста биыл көптеген жаңа мектептер пайдалануға берілсе, Іле ауданының өзінде екі жаңа білім ордасының іске қосылғандығы осының айқын айғағын көрсеткендей.

Жәпек батыр ауылындағы жаңа мектептің ашылу салтанатына аудан әкімінің бірінші орынбасары В.Файль, ауыл әкімі С.Күзембаев, ақсақалдар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Салтанатты жиында аудан әкімі атынан сөз сөйлеген Виктор Александрович Файль Елбасының Ұлт жоспарын жергілікті жерде жүзеге асыру барысында нақты істердің жүзеге асырылып жатқандығын кеңінен баяндай келе алдағы жылы осы округтің өзінде екі мектептің пайдалануға берілетінін айтып, жиналғандарды қуантып қойды.

«Толғанай» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігі салған бұл мектеп те өзінің дәл белгіленген мерзімінде пайдалануға берілді. Салтанатқа қатысқан ата-аналар, ауыл белсенділері заманауи жабдықтармен жарақталған пәндік оқу бөлмелерін, лингафонды- мультимедиялық кабинеттерді, темір, ағаш өңдеу, тігін шеберханаларын, кітапхана мен асхананы, спорт залын аралап, осындай тамаша ғимаратты өздеріне сыйға тартқан облыс, аудан басшылығына, құрылыс мекемесіне жүрекжарды алғыстарын айтты.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында аудан тұрғындарына сыйға тартылған  осынау сәнді екі ғимарат мыңнан астам оқушының заман талабына сай жан-жақты білім алуына мүмкіндік туғызып, ата-аналарды қуанышқа бөлейтіні сөзсіз.