Ұлы дала төсіндегі кең байтақ Қазақ елі жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Саяси-экономикалық жаңғыру өз алдына, елдің рухани өмірін елеулі өзгерістер күтіп тұр. Жыл басында Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шықты.
Елбасы ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сырын тізбектеп көрсетті. Тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын айқындап берді.
Рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті. Бұл біздің қоғамға аса қажет дүние. Әсіресе жастарға үлкен серпіліс әкелетіні сөзсіз. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән бермек. Елбасы ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау қағидаттарын тізіп берді.
Бұл тек мақала ғана емес. Бұл мазмұны терең, ауқымы өте кең ұлт руханиятын ХХІ-ғасырдың биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат. Тәуелсіз Қазақстанның жастары, Елбасының жүрегінен шыққан ең асыл сөздер сіздерге арналады. Онда: «Егер сіз ақпараттық-жарнамалық ХХІ ғасырда халқыңызға пайда келтіргіңіз келсе, халқыңыздың атын дүние жүзіне шығарғыңыз келсе, ең алдымен ұлт руханиятынан бастауларыңыз керек. Ұлт руханиятын топтастыратын тағы бір жоба – «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», – деп айтылған. Ендеше, жат идеологияларға төтеп беруде жастардың алар орны айрықша. Айта кетейік, жат идеологияға қарсы аудан көлемінде әр мекемелерде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жатыр. Ұлттық бірегейлігіміз де осы құндылықтардан табылады.
Бұдан бөлек, жастар да тәулік сайын түрленген техноголиялық дәуірдің қарқынынан қаймықпай, білім кеңістігінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден құр қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға өзіндік үлесін қосуда. Бұл – Елбасының өсиетін өскелең ұрпаққа өнеге етуінің өлшеусіз үлгісі деген сөз. Жасампаздықтың жарқын жылдарында жақсылықтың жанынан табылуы жастарға да міндеттелген жүк болып табылатыны ақиқат.
Демек, әлемді де жастарға жігер беру арқылы да мойындатуға болады. Жастар да рухани жаңғырумен қатар жалындауы тиіс. Дамудың діңгегі рухани байлықтардан басталары хақ. Ол мәдени, тарихи құндылықтармен сабақтасады. Оны жаңғырту – заман талабы. Бұл өркениетті елдер қатарына қосылу үшін де маңызды.
|