КазЦИК-тік жас таэквондошылар Астана қаласында өткен «Astana - 2017» таэквондо WTTF ашық халықаралық турниріне қатысып жүлделі оралды. Оған еліміздің барлық облыстарынан және көрші Өзбекстан, Ресейден келген спортшылар қатысты.
Үлкен доданың басты мақсаты: Қазақстандағы ұлттық таэквондо спортын дамыта отырып, жасөспірімдердің санатын өсіру, оларды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеу, толерантты болуға тәрбиелеп, өзге ұлтқа деген сый-құрметін арттыру.
Сонымен жарыстың қорытындысы бойынша КазЦИК ауылындағы «Алау» кәсіптік спорт клубының жас таэквондошылары ешкімді шақ келтірместен бір күміске қол жеткізді. Олар Шыңғысхан Саттархан, Сезім Саттархан, Қазбек Дінмұхамед, Бегжан Базарбай 4 алтын алса, күмісті Эмир Аманбай місе тұтты.
Жас өрендерді тәрбиелеп, Әлем кубогінен бастап, Азия, Қазақстан турнирлеріне қатыстырып, жастарға үлкен жол ашып жүрген жаттықтырушы АсауБарақ Несенбаев.
Жас таэквондошылардың барлығы дерлік №6 А.Молдабеков атындағы орта мектептің оқушылары. 3 сынып оқушылары ағайынды Шыңғысхан мен Сезім Саттархановтар «Біз таэквондоны өте жақсы көреміз. 2015 жылдан бастап таэквондоның үйірмесіне қатысамыз. Әртүрлі жастағы оқушы балалар да келеді. Таэквондо қарусыз, күресте аяқпен және қолмен белсенді қимылдауды талап ететін спорттың бір түрі болып табылады. Біздің қуанышымыз - жаттықтырушымыз АсауБарақ ағамыздың қуанышы, жеңісі» - деп ағынан жарылды.
Ал осы жарыста күмісті иеленген Эмир Аманбай «Біздің сынып өте ұйымшыл. Оқушылар бір-біріне әрқашан көмек береді. Сыныптағы барлық оқушылар мектептегі және мектептен тыс өздері таңдаған үйірмелерге, әсіресе спорттың түрлі үйірмелеріне белсене қатысады. Ұстаздарымыз айтады, спорт - денсаулық кепілі, оны жақсы көріңдер, оның сенің өміріңде алатын орны ерекше, сабақ оқуыңа да жақсы көмектеседі» - дейді.
Жас өрендердің ата-аналары болса болашағына нұсқау болып, салауатты Қазақстанның қалыптасуына үлкен үлес қосып жүрген КазЦИК ауылындағы «Алау» кәсіптік спорт клубына айтар алғысы шексіз.

|