Елбасы Н.Назарбаевтың 2013 жылдың 15 тамыздағы №615 Жарлығына сәйкес, әр деңгейдегі әкімдер бірінші тоқсанның ішінде халық алдында есеп береді. Осы Жарлықты орындау барысында КазЦИК ауылдық округіндегі Ә. Молдабеков атындағы №6 орта мектепте аудан әкімі Қ. Медеуов және ауылдық округ әкімі А. Жасымбековтың есеп беру жиналыстары өтті.
Жиналысқа байланыс, ауыл шаруашылық, әлеуметтік саласының, шағын және орта бизнес, аудандық бөлімдердің, мекемелердің басшылары, кент тұрғындары және Алматы облыстық мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасының басшысы Д.Әбдібеков қатысты.
Жиын барысында Іле ауданының әкімі Қ.Медеуов КазЦИК ауылдық округі кітапханасы ұжымының арнайы дайындалған көрмесін тамашалады. Есепті кездесуде округтегі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша КазЦИК, Комсомол көшелерінің ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары мен құны 1 миллиард 466 миллион 695 мың теңге болатын 900 орынға арналған жаңа мектеп құрылысы бой көтеріп жатқаны баса айтылды. Негізі КазЦИК-те 14700 мыңға жуық адам тұратын қос ауылда Мәдениет үйі мен спорт сарайлары жоқ. Кездесуде осы мәселе көтерілді. Одан қала берді тұрғындар тарапынан КазЦИК пен Комсомол ауылдарының атауларын өзгерту жөнінде ұсыныс түсті.
Есептік кездесуде аудан басшысы мен округ әкімінің жылдық есебін талдау үшін Ақсақалдар кеңесінің төрағасы М. Джамилов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазіргі таңдағы ауданның өсуін мақтан тұтты. Осыған ауыл әкімі, бөлім басшыларының ықпалы бар екенін айтып өтті. Округтегі мекемелерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Аудан әкіміне ақ тілегін білдіріп, жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Жеке кәсіпкер О. Жұпаров та аудан әкімінің және округ әкімінің жұмысын қанағаттанарлықтай деп бағалап, жұмыстарына табыс тіледі. Сонымен қатар Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектеп ғимаратының жөндеу жұмысы аяқталып, балалары мен немерелерінің оқып жүргендігін айтып, қуанышымен бөлісті. Сол сияқты М.Оекенов те аудан әкімінің атқарған жұмысын кеңінен саралап, оның есебіне қанағаттандырарлық деп баға беретінін айтты. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі С.Нұрбаев ауыл тұрғындары атынан округ әкіміне тұрғындарға көрсетіп жатқан көмегіне, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары мен қарт адамдар да әкім назарынан тыс қалмай, қамқорлығына алып жатқандығына алғыс айтты. Ауыл тұрғыны Е.Кабдыкаримов аудан және округ әкіміне жаңа құрылыс көшелеріне ауыз су мәселесін жүргізуді бастағанына қуанып, ризашылығын білдіріп, округ бойынша тазалық мәселелеріне көңіл бөлулерін сұрады.
Жиында ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, аудан әкімі мен КазЦИК ауылдық округі әкімнің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
|