Ақпан айының 5 жұлдызында аудан әкімінің жылдық есебі Күрті ауылдық округінде өтті. Ақши ауылы 6167 мыңға жуық халқы бар, аудан орталығынан шалғай жатқан берекелі жер. Ауызбіршілігі қазақтың ата жолы Ақсақалдар алқасымен шешілетін бірден-бір елді мекен. Аудан әкімі есеп беру кезінде осы бір айрандай ұйыған ауылдың ұйымшылдығы жайлы айтты. Ақшиде 2 орта мектеп, 1 емхана, 1 облыстық туберкулез диспансері бар. Ауыл тұрғындары көбінесе ауылшаруашылық саласымен оның ішінде мал өсіру, бау-бақша, егін өсірумен айналысады.
Аудан әкімі Абдулдаев Бердәулет Ешенұлы, ауданымызға арнайы келген Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ахметов Жайсан Қуатұлы мен облыстық мәслихаттың хатшысы Келімсейіт Ермек Әбілмәжінұлы алдымен Ақшидегі үздік кәсіпкер Дәулет Сыдық басқарып отырған «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Түйе шаруашылығын өркендетіп отырған бұл шаруашылықта 58 ақшилік азаматқа жұмыс орны ашылған. Орташа айлығы 45-60 мың теңге. Шаруашылықтың шығаратын басты өнімі шұбаттың нәрлігін көзбен көріп қайтты. «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығынан шығатын өнім аудан, облыс және республика көлемінде тарап жатыр. Құрметті қонақтар! Сыдық мырзаға болашақта да үлкен табысқа кенелуін, Елбасы да осындай іскер азаматтарды қолдайтынын айтты.
Ақшиліктердің тұрмыс-тіршілігін аралап, көріп келген аудан әкімі Абдулдаев Бердәулет Ешенұлы өз есебінің алғы сөзін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан бастады. Елбасының жалпыұлттық идеясы - болашақ табыстардың негізі екені баса айтылды. Ал ең бастысы - еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жан-жақты түсіндірді. Жолдау жолдарына орай алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталған аудан әкімі аудан халқының өткен жылды табысты аяқтағанын да тілге тиек етті.
Айта кетейік, кейінгі жылдары ел Президентінің барлық деңгейдегі әкімдерге халықпен кездесіп, атқарған жұмыстары туралы есеп беруі жайлы тапсырмасы нақты орындалып, жүзеге асып жатыр. Бұл игі-шараның екі жаққа да тиімді екендігін көрсетуде. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін одан әрі демократияландырудың бір дәлелі есеп беру кездесулерінің маңызы да өте зор. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі арта түседі. Көпшілік қауым елімізде, ауданымызда атқарылып жатқан игі істер туралы осы кездесулерден біледі. Сонымен қатар әкімдердің халықпен жұмыс істеп, ел үшін атқарған еңбегін айқындайды. Жақсы бастама билік пен көпшілік арасындағы айқын пікір алмасудың негізін қалады. Өзінің қажеттілігі ғана емес, әкімдер жұмысының негізгі бағытын ел болып айқындаудың дәлелі. Өйткені, кездесулер әкімдердің жауапкершіліктерін арттырады. Халық өзекті мәселелерді ашық айтып, оны бірлесіп шешудің мүмкіндігіне сеніп, кездесулерді асыға күтіп отыратын болды.
Абдулдаев Бердәулет Ешенұлы өз есебінде:
- «Ақшидің кең даласына болашақта жан бітетін болады. Күрті ауылының жоғарғы тұсы Астана-Алматы тас жолының бойына этно ауыл тұрғызылады. Ұзынағаш ауылынан темір жол салынып, Сорбұлақты басып өтіп, Жетіген ауылына тартылмақ. Осынау нысандар ақшиліктер үшін жаңа жұмыс көзіне айналады деген сенімдемін. 2015 жылы Ақши ауылына көгілдір отын келіп, ауыл шаттыққа бөленеді деген жоспарымыз бар. Алдағы жылы Ақши ауылында жылыжай салынбақ. Бұл жылыжайды Қытайдан келген қандастарымыз салуға ынтасын білдірді. Біз оларға жер телімін бердік. Ол да болса жұмыс көзі ғой», - деді.
Көгілдір отын мен темір жолы қатар салынатын Ақши өңірі болашақта қазаны қайнаған сауда-саттық пен индустриялды жағынан дамыған елді мекенге айналайын деп тұр.
Жиналыс барысында Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ахметов Жайсан Қуатұлына сөз берілді. Ол өз сөзінде: - «Егер ауылдарыңызда жол жөнделіп, жарық келіп жатса, ол сөзсіз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясаты мен көрегенді саясатының жемісі. Кешегі Жолдауда айтылғандай: бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа бастаған нақты тапсырманың орындалуы. Елдің амандығы тыныштығы жақсы болса, ынтымағымыз артып берекеміз таситыны сөзсіз», - деді.
Аудан әкімінің есебін бағалау үшін жарыссөзге кезек берілді. Артынша сөз алған «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сыдық Дәулетов, ауылдық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қасымхан Рахимов, ұстаз, ақын Шынәділ Мұқашев сынды ауылдың атқа мінер азаматтары бірауыздан аудан әкімінің бір жылдық есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Бағдат ЧОЙБАСОВ.
(Дата размещения: 07.02.2014)