Жетіген гарнизонында ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында №20709 әскери бөлімінде «Күз – 2017» маусымы бойынша әскери борышын өтеуге шақырылған, Республикамыздың әр өңірінен іріктеліп алынған сарбаздардың салтанатты ант беру рәсімі өтті.
«Сіздер бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өмірлеріңізде үлкен қадам басып отырсыздар. Ел алдында, жұрт алдында ант қабылдап жатсыздар. Бүгінгі күн ерекше есте қалатын тарихи күн боп қалады. Сіздер бүгін ер деген, ел қорғаушы деген атаққа ие болып жатырсыздар. Халық алдында ата-ана сенімін адал, қызметтеріңізді мінсіз орындайды деп сенемін. Дүниежүзілік жағдайдың күрделі екендігін білесіздер. Лаңкестердің әрекеттері кесірінен халық тыныштығы бұзылып жатыр. Алған жолдарыңыздан таймай, аспан көгін ашық ұстап, қызметтеріңізді адал атқарарсыздар деп сенемін», – деді ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Садыков.
Салтанатты шараға қатысқан зейнеткер авиация генерал-майоры А. Старыш, 20709 әскери бөлімінің командирі полковник Арман Ильясов, аудандық Ауған соғыс ардагерлерінің төрағасы Марат Каражигитов, Ауған соғыс ардагері Сарсембек Тулебаев, аудандық Қарулы Күштер ардагерлерінің төрағасы подполковник Бакытгелді Дутбаев, Жетыген ауылдық ақсақалдар төрағасы М. Мықышев, жас сарбаздардың Отан қорғауда алға қойылған міндеті туралы айтып өтті.
Зейнеткер авиация генерал-майор А. Старыш
«Біз бүгін өз тағдырын Отан қорғаумен байланыстырған азаматтардың авиация бөлімінің қатарына алынуына байланысты жиналып тұрмыз. Енді сарбаздар Отан алдындағы конституциялық борышын өтеу үшін ант қабылдап, аса қырағылықпен қорғау қызметіне кірісетін болады. Бүгінгі шара айрықша мән мен мағынаға ие. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткелі бері Елбасы саясаты арқасында қауіпсіздік күштері нығайтылу үстінде. Азаматтардың әскери міндетін орындауына барынша жағдай жасалған. Оларды әлеуметтік қамсыздандыруға, баспанамен қамтып, еңбекақы, зейнетақыны көтеру мәселесі оң шешімін табуда. ҚР Қарулы Күштері заманауи техникамен қару-жарақпен қамтылып, жоғары материалдық-техникалық базасы қалыптасты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, армия әрдайым сақадай сай болуы тиіс. Бұл – мемлекет қойып отырған міндет. Сарбаздар лайықты Отан қорғаушылар болады деп сенемін», – деді.
Айта кету керек, ант қабылдағаннан кейін сарбаздар әртүрлі әскери бөлімдеріне таратылады. Олар басқа да әуе қорғанысын қамтамасыз етіп, күзетілетін адамдар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ерекше тапсырмаларды орындайды. Ал, шара соңында ұлдарының әскери Ант қабылдауына куәгер болған жас жауынгерлердің ата-аналарымен естелік суретке түсу рәсімі өткізілді. Еліміз бойынша Жетіген гарнизонында ғана бірден 340 жас сарбаз Ант берді.
|