
Өткен 84 жылдан астам уақыт арасында Қазақстан прокуратурасы қалыптасу мен дамудың ұзақ жолдарынан өтті.
Алайда прокурорлық қадағалаудың одан әрі дамуы және прокуратура органдары жүйесін реформалау кезеңі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алған сәтінен басталды. Прокуратураның реформалау мен дамуы жаңа мемлекеттік құрылымының саяси және халықаралық-құқықтық бағдардың қағидасына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін емес еді.
1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.
1992 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасы Прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды.
Осы заң прокуратураның құқық қорғау қызметін жақсартуға оң әсер етті. Алайда, мемлекеттік құрылыс үдерісінің жедел дамуы және құқық демократиясының өріс алуы құқық жүйелерін қалыптастыруда жаңа ізденістерді талап ете бастады. Осыған байланысты 1994 жылдың 12 ақпанында Елбасының Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатттар прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталды. Одан әрі ол 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституциямызда және Президенттің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасы Прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді. Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап берді.
Сөйтіп, прокуратура республикамыздың мемлекеттік билік органдары жүйесінде өзінің конституциялық орнын еншіленді.
Елбасына ғана есеп беретін және Республика аумағында заңдардың Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын республика прокуратурасы Конституцияның, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуы тәрізді міндеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетігі болып табылады. Прокуратура заңдылықтың кез-келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Жинақтап айтсақ, республика прокуратурасы өз өкілеттігін Ата Заңымыз бен заңдарымызға сәйкес жүзеге асырады.
Прокуратура органдары дамуының келесі кезеңі 2002 жылы «Прокурорлық қадағалау мәселелері жөніндегі кейбір Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар туралы» Қазақстан Республикасының қабылдануымен байланысты болды. Осы Заңда заңдылықтың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың деңгейін одан әрі көтеру қажеттілігі бекітілген. Сондай-ақ, еліміздің жоғарғы қадағалау органын күшейтуге, прокурорлардың заңдарды сақтау туралы актілері мен талаптарын міндетті түрде орындауды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген, оларды күштеп орындату механизмдері анықталған. Сонымен қатар, прокурорлық қадағалаудың актілері мен заңды талаптарын орындамағаны үшін заңды тұлғалар мен азаматтардың жауапкершілігі күшейтілген.

Қазіргі кезде ол басқа мемлекеттік органдар қызметін алмастырмайды, әртүрлі шаруашылық субъектілерінің қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар прокуратура Конституцияның 83-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңда қаралған тұрғыда жоюға ықпал етеді. Оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, сондай-ақ қолданыстағы заңдар мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын орындамау фактілерін қалт жібермейді.
Іле аудандық прокуратурасы 1932 жылдан бастап құрылып, заңдылық орындалуын қадағалауда бірқатар тәжірибелі прокурорлар жұмыс атқарған. Олардың араларында ұзақ жылдар бойы Өтеген батыр кентінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, прокуратура органдарының зейнеткері - Тәңірберген Толғанбаев ақсақал да бар. Т.Толғанбаев 1942 жылдан 1949 жылға дейін шекара қызметінде әскери борышын атқарып, майданға қатысқаны үшін бірқатар орден мен медальдармен марапатталды, олардың арасында Ұлы Отан соғысының 2-ші дәрежелі ордені бар. Аудан прокуроры лауазымын атқарған тұлғалардың арасында А.Анищенко, С.Қаржақов, Ж.Мұзбұлақов, Б.Боранбаев, А.Баймағанбетов, С.Төреханов, Т.Оңалбаев, Т. Құрманбаев, А.Ақпаев, А.Қалиев, А.Үйсінбаев, А.Байшолақов, Т.Қалиақберов, Н.Ыбыраймолдаев және Б.Сауғабаев сынды азаматтар бар.
Аудан прокуроры лауазымын атқарған әрқайсысы кәсіби біліктілігін және таңдап алған мамандығына адалдығын дәлелдей отырып, қадағалау органның тарихын байыту арқылы, оны дамытуға үлестерін қосты. Сондықтан бірінші кезекте өз өмірінің тамаша жылдарын заң мен құқыққа қызмет етуге арнаған ардагерлерімізге бас иіп, оларға алғыс айту біздің абыройлы парызымыз. Аға буын өкілдерінің еңбек жолы - бүгінгі жастар үшін шынайы патриотизмнің және кәсіби борышын орындаудың жарқын үлгісі болып табылады.
М. САРПЕКОВ, Іле ауданының прокуроры.
|