Энергетик ауылдық округінің әкімі Садыр Закиржановтың ұйымдастыруымен «Қуат» ықшам ауданындағы №24 лицейінде Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Латын қарпіне көшу – болашақ таңдауы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Оған «Президент және халық» газетінің бас редакторы, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, «Құрмет» белгісінің иегері, тіл жанашыры Асылы Осман Әлиқызы, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызы, «Жетісу» газетінің журналисі, ақын Мақпал Мыса қатысты.
Алғы сөзді сөйлеген округ әкімі Садыр Тұрсынжанұлы; «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жобасы елім, жерім деген әрбір қазақстандықтың ойланатын ісі деп білемін. Жолдаудың қазақ тілінде ғана жариялануы, жерін басып, суын ішіп жүрген қазақстандыққа үлкен ой салады. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Сонау Құтты білек, Дулат шығармаларында, одан бері Әл-Фараби, Абай, Мұхтар, Шәкәрім тағылымдарында рухани құндылыққа үлкен мән берді. Біз дамыған алдыңғы қатарлы ел болу үшін тілімізді, дінімізді, рухани дәстүрімізді, мәдениетімізді дамытуымыз керек. Дамытқан кезде барлығы бір-бірімен үнемі рухани байланыста болуы шарт. Замана сынына сүрінбей озық дәстүрлерді табысты жаңғыртуымыз қажет» – деді.
Одан кейін өзі құрметті қонақтарға сөз кезегін ұсынды. Мінберге көтерілген Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, публицист, Елбасының екі рет Алғыс хатымен марапатталған, «Астана» медалінің иегері Марат Тоқашбаев: идеологиялық тақырыпта кең сөз қозғады. Өз сөзінде «Елбасымыз неге жаңа бағдарды ұсынып отыр. Мен осы жайлы айтқым келеді. Біз қазақ халқының тағдырының басында түрлі нәубетті кешті. Талай-талай саяси аумалы-төкпелі заманда өмір сүрдік. Ленин, Маркс бастаған «Қазан төңкерісі» одан қала берді Голощекиннің ашаршылығы, қуғын-сүргіні халықтың мәңгі есінде қалды. Қайғыдан қан жұтты. Таяқ үстіне таяқ болып фашизмде алаштың арыстарын туған жерден аластатты. Сонау Еуропа төрінде сүйектері қалды. Сұрапыл соғыс халыққа ауыр тиді, еңсемізді езді. Кешегі Кеңес саясаты да қазаққа көп нәрсе үйреткенімен көп құндылықтарымыздан айырды. Яғни, советтік идеология қазаққа тән емес екенін уақыт көрсетті, дәлелдеді. Одан қорғанудың жалғыз жолы өзіміздің Ұлттық кодымызды сақтай отырып, дәріптеуіміз керек екен. Бүгінгі Елбасымыздың көтеріп отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы оның ішінде латын қарпіне көшу саясаты өте орынды. Елбасымыз бірін-бірі алдамайтын, ислами имандылыққа сүйенген, адами шынайылылыққа, парасатпен бір-біріне құрметпен қарайтын, әділетті қоғамға бастайтын идеология керек екенін білді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама Жолдаулар мен құжаттар қабылданды, ал оның ішінде ең маңыздысы осы жаңа бағыт- бағдарымыз болып отыр. Нақ уақытында қолға алынған бағыт-бағдарымыз. Кеткен уақыттан өз еншімізді алатын кез туды. Бірақ та латын әліпбиіне көшу мағыналы және мәнді болуы керек. Ат үсті қарауға қақымыз жоқ. Ұлттық код Ұлы Абайдың «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымыңды ойлап қой», – деген сөзінің астарында жатыр. Сондықтан, Елбасымыздың бастаған жаңа бағыты біздің әртүрлі батыстық ақпараттан әлсіреген қоғамымыздың тығырықтан шығар жалғыз жолы болмақ. «100 нақты қадам» бойынша айтылған қағидаттарының ішінде ең маңыздысы латын әлипбиіне көшу туралы идеясы ұнады. Қазақ тілі сонау руна жазуынан бастап, түрлі жазуды бастан кешті ғой. Араб әрпі, төте жазу, 1940 жылы қазақ халқынан сұрамай-ақ бір күнде кирилл әрпіне көшіре салды. Біз латынға көшуіміз арқылы де колонизациялық саясаттан қалған жұрнақты өшіреміз», – деп сөзін аяқтады.

Екінші кезек, «Құрмет» белгісінің иегері тіл жанашыры Асылы Осман Әлиқызына берілді. Өзінің қазаққа жанашырлығымен танылған алаштың Асылы өз сөзінде: «Қадірлі төрде отырған төр иелері. Отауы бөлек отаны бір отандастарым. Қандай да бір затты халыққа өз деңгейінде жеткізе білу керек. Елбасымыздың көтеріп отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы менің түсінігімде бағдаршам іспеттес ешбір баға жетпейтін, құнды құжат деп білемін. Рухани жаңғыру аясында өзімізге керекті маңызды мақаланы жұмылған жұдырықтай жүзеге асыруымыз қажет. Президентіміз Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам ұлт жоспарында айтылған сана туралы сөзі ұнады. Қазақта «Қора толы қой бер, бесік толы бала бер, ол балаға сана бер, сана бермесең, ала бер», – деген. Ата-бабамыз осы сөзден-ақ санаға қатты көңіл бөлінгені көрініп тұр. Осы қадамдардың ішінде негізгісі қазақ әріптерін латын әліпбиімен таңбалануы болып тұр. Барлық әлемнің әліппелерінің негізі осы латын әрпі. Ешнәрсені өзгертпейміз бауырларым! Тек кирилл әрпін латын әліпбиіне өзгертеміз. Оған бола кейбір адамдар сияқты даурығатын түкте жоқ. Латын әліпбиінің 2500 жылдық тарихы бар. Көшбасшы ел ағылшындардың әріптерінің негізі осы латында жатыр» – деген пікірін білдірді.
Сөздің кезегі халық ақыны, сазгер Кенен Әзірбаевтың қызы, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызына берілді. Онда ол «Мен еліміздің латын әліпбиіне көшіп жатқанын толық қолдаймын. Түсінген адамға бұл зор қуаныш. Қашанға кириллицамен жүреміз. 42 әріптегі керексіз щ, э, ю, ъ, я, ю әріптерін арқалап жүреміз. Тәуелсіз елдің тәуелсіз әліпбиі болуы керек. Тіліміздің үндестігі бұзылып кетті. Сондықтан, латын әліпбиіне оралу тарихи оқиға деп білемін» – деп ағынан жарылды.
Сөздің соңы «Жетісу» газетінің журналисі, ақын Мақпал Мысаға берілді. Ол Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсетіп отырғанын айта келіп, өз шығармашылығынан өлең оқыды.
Кездесу барысында жиынға келген жастарға, ұстаздар мен мектеп оқушыларына қазақ қоғамындағы тіл саясатының тарихы, бүгінгі қазақ тілінің деңгейі туралы ақпараттар беріліп, латын әліпбиіне көшу барысының артықшылықтары баяндалып, латын әліпбиінің қажеттілігі туралы мәліметтер келтіріліп, пікірлер айтылды. Пікір білдіру мақсатында еркін микрофон сәті ұйымдастырылды.
|