БАСТЫ > 

 
 
 
ТІЛ-ТІРЕГІМ, СОҒЫП ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМ 06.10.2016

       

Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Тілге қандай құрмет көрсетсек те лайық. Елбасы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті. Ал 2007 Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Яғни мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынының 22 жұлдызында «Т.Бокин атындағы №41 орта мектебінің» 1-11 сынып оқушылары арасында «Тілім менің тірлігімнің айғағы» атты тақырыпта қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәні мұғалімдері бірлесе отырып, тілдер мерекесінің ашылу салтанатын өткізді.
Мерекелік іс-шараға көрнекіліктер, кітап көрмесі қойылып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Избасарова дайындаған слайд-шоу қатысушылар назарына ұсынылды. Мерекелік шараны қазақ тілі пәні мұғалімі Н.Избасарова, орыс тілі пәні мұғалімі А.Иткараева, ағылшын тілі пәні мұғалімі З.Сахиевалар үш тілдің ерекшеліктері жайлы айтты. Мерекелік шарада 8 «а» сынып оқушысы Жамила Ұзанқұл «Атамекен» әнін шырқады. Сонымен қатар жырлар жырланды, қанатты сөздер айтылып, 5 «а» сынып оқушылары «Махамбет» әніне би билеп, орыс тілінде «Улыбка» әні орындалып, ағылшын тілінде 1 «а» оқушылары «Finger Family» хор айтып, көрермендердің көңілінен шықты. Аталған іс-шарада қойылымдар ұсынылып, 5 «б» сынып қыздарының әсем де әсерлі қазақша биімен аяқталды. Іс-шараның соңында қатысушыларды марапаттап, оларға алғыс айтылды. Қатысқан оқушылар белсенділік танытып, қызығушылықпен қатысты. Тілдер мерекесіне арналған іс-шарамыз өте қызықты да, әсерлі өтті.
Мен қазақ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғандықтан, ең бастысы өз оқушыларымның көкірек сарайын кәусар әдебиетімізбен сусындатып, Мағжанның жауһар жырларына, Абайдың дана ойларына, Сәкеннің сырлы лирикасына ғашық етіп, жасампаз рухтың өлмегендігін паш еткім келеді. Ең бастысы, жүрегі «Отаным», «қазағым», «тілім» деп соғатын ұлттық сана-сезімі жоғары, ұлтжанды оқушылар тәрбиелеу.