Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын.
 
Сіздерді барша мұсылмандардың ең ұлық мерекесі – Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Осынау ұлық мейрамды мемлекеттік деңгейде ресми атап өту бақытына ие болғаны үшін Алла Тағалаға мадақ. Адам өмірінде әр мерекенің орны бөлек. Соның ішінде айт мейрамына жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құшақтасуы арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Айт намазымыздан, шалған құрбандығымыздан, тіпті отандас қажылардың қажылығынан да көзделген негізгі мақсат – татулық, адамдардың бірлігі мен ынтымағын күшейту. Сондықтан бұл күндері шариғат мұсылмандарға мешітке жиналып, бірге айт намазын оқуды, бақилық болған жақын-жұрағаттарына арнап Құран оқуды, бірін-бірі мерекемен құттықтауды, үйлеріне тәтті тағамдар жасап, келген қонақтарды күтуді, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесуді, олардың ішінде қиыншылыққа тап болғандарына қарайласып, көңілдерін аулап, сыйлық беруді, сырқаттарға зиярат жасауды, араздасқандарға татуласуды міндеттейді.
Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етcін. Ұлық мереке мүбарак болып, әр отбасына бақыт, береке қонсын! Мекке, Мәдинада қажылық сапарда жүрген отандастарымыз құлшылық рәсімдерін ойдағыдай өтеп, елге аман-есен оралсын! Алла Тағала асыл дініміз Исламға күшқуат берсін!