БАСТЫ > 

 
 
БИЛІК ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ДӘНЕКЕРІ 06.09.2017

Кешегі әміршілдік кеңестік жүйеде мейлінше мемлекеттендірілген ыңғайға жығылуды үйренген жұртшылықты бейқам әрі бейжай күйден арылту, олардың қоғам ісіне белсенді түрде араласуына және жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңірлерде құрылған Қоғамдық кеңестер бүгінде өзінің өміршеңдігін айқындай білді. Осыған орай біз аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Сапарұлы Тұрымбетовты әңгімеге тартқан едік.

 – Ерболат Сапарұлы! Қоғамдық кеңес тәуелсіз билік пен азаматтық қоғам арасында дәнекер болатын әрі олардың күш-жігерін, мақсат-мұраттарын бір арнаға тоғыстыратын бірден-бір жол екендігін бүгін өмірдің өзі дәлелдеп отыр емес пе?

–       Шынында да солай. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» жоспарын іске асыру мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заң және кеңестің қызметі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына қоғамдық институттардың және азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңда кеңесті құру механизмі қарастырылған, қоғамдық кеңес қызметінің мерзімі, кеңес мүшелігіне кандидаттарға қойылатын талаптар анықталған. Қоғамдық кеңестер жергілікті деңгейде, жергілікті өкілді орган – мәслихат басшысы басқаратын жұмыс топтарымен конкурстық негізде қалыптасып отыр. Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты: Азаматтық қоғамның маңызды мәселелері бойынша пікірін білдіру болып табылады. Қоғамдық кеңестер қызметі бес қағидат негізінде жүзеге асады: қоғамдық негіздегі, автономдық, дербестік, жариялық, ашықтық және кеңес мүшелерін кезең-кезеңмен ротациялау.

Ауданның Қоғамдық кеңестің құрамы 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 9-бабының 5-тармағының негізінде Іле аудандық мәслихатының 2016 жылғы 24 ақпанда кезектен тыс өткен 56 сессиясының шешімімен бекітілді. Осы күні Іле аудандық мәслихат хатшысының төрағалығымен Іле ауданының Қоғамдық кеңесінің I-отырысы өткізіліп, ашық дауыспен Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы сайланып, төралқасы бекітілді. Қоғамдық кеңес жанынан 2 комиссия құрылды: бюджет және экономикалық реформалар мәселелері жөніндегі комиссия және әлеуметтік мәселе жөніндегі комиссия.

Қоғамдық кеңестің құрамына аудан тұрғындарының сенімдеріне лайықты деген азаматтар кіріп, олардың сапалық құрамы да уақыт талабына сай, белсенділігі күннен-күнге артып келеді. Қоғамдық кеңес құрамының кәсіби және өмірлік тәжірибесінің жоғарғы деңгейде болуы, бүгінгі күннің актуалды және проблемалық мәселелерін анықтауда, оларды шешуде қабілеттілігін көрсетті. Демек, кеңес құрамының белсенді болуы, оның кәсіби дайындығы мен біліктілігіне байланысты болып отыр.

– Билікпен тығыз байланыс орнату арқылы аудандағы әлеуметтік жағдайды бақылауға алып, мемлекеттік бағдармалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалаудағы Қоғамдық кеңестің рөлі қандай?

– Ауданың Қоғамдық кеңесінің жұмысы бір жылға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді. Кеңес отырысына аудан тұрғындарын толғандырған мәселелер енгізілді: қоғамдық тәртіпті қорғауда қамтамасыз ету құқық бұзушылықты алдын алу және басқа да жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстары, жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген шаралар қаралады. Мәселен, ауданымызда орналасқан ауылдық округтерінің бас ауылдарында өткен учаскелік полиция инспекторларының I-жарты жылдығында атқарған жұмыстары туралы қорытынды есептеріне Қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, есеп барысында ауыл тұрғындарының көтерілген сұрақтары негізінде келесі ұсыныстарды қабылдап, оны ауданның жергілікті полиция қызметінің басшысы Ғ.Жолдыбаевқа жолдадық. Атап айтқанда ол төмендегідей мәселелер:

1. Учаскелік полиция инспекторларының бос лауазымды орындарын толықтырып, кадр мәселесіне көңіл аудару;

2. Бұқаралық ақпараттар көздерінде халық арасында өз мүлкін сақтандыру бойынша мәлімет жариялау;

3. Жергілікті жерлерде округ белсенділерімен бірігіп қылмыстың алдын алу жұмыстарын жалғастыру, кешенді жоспар бойынша жұмыстар ұйымдастыру, халық арасында өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кездесулер өткізу;

4. Бейне бақылау камераларын орнату бойынша жұмыстарды жалғастыру;

5. Ауылдық округтерінің ауылдарында халықпен кездесуді ұйымдастыру.

Ауылдық округі әкімдері мен жергілікті учаскелік полиция қызметкерлеріне:

1. Бекітілген қылмыстың алдын алу бойынша кешенді жоспарды толықтыру, жұмыс бағытын нақтылау және орындалу бойынша ақпаратты ұсыну;

2. Жергілікті қоғамдастықтың жұмысын жандандыру, құрамын күшейту;

3. Әр учаскелік полиция инспектор-ларының өз учаскесіндегі отыратын орындары бойынша ақпаратты ұсыну;

4. Ерікті сақшы сарбаздарының жұмыстарын жандандыру, құрамына өзгерістер еңгізу, атқарылған жұмыстары бойынша ақпаратты фото-сурет жүзінде ұсыну;

5. Көше, көпқабатты үйлер белсенділерімен, жеке пәтер иелері кооператив төрағаларымен кездесу өткізу. Көшелерге, көпқабатты үйлерге видеобақылау, көпқабатты үйлердің есіктеріне домофон қоюды ұйымдастыруды жалғастыру;

6. Тұрғындар арасында өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуде кең көлемде іс-шаралар жұмыстарын жалғастыру. Үй, пәтерлерге ақылы күзет жүргізумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесулерді ұйымдастыру;

7. Учаскелік полиция қызметкерлерінің ұсынысымен, қылмыс жасауға икемді, салауатты өмір салтын ұстанбайтын адамдармен әңгіме өткізуді ұйымдастыру.

Берілген ұсыныстар жергілікті полиция қызметі басшылығы жағынан қатаң бақылауға алынғанын жеткізді.

Іле ауданы Қоғамдық кеңесінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес I-жарты жылдықта Қоғамдық кеңесте тыңдалған мемлекеттік органдар басшыларының есептерінің саны 8 және 5 рет азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік- құқықтық актілердің жобаларын жария талқылауларын өткізді.

«Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының 18-бабына сәйкес қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылауды жария рәсімі арқылы жүзеге асырады. Қоғамдық бақылаудың негізгі нысандары, қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама, сондай-ақ Қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау болып табылады.

Жоспарлы мәселелермен қатар Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірінші жартыжылдықта ауданымызда салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізіліп, мониторинг нәтижелері бойынша аудан әкіміне және мемлекеттік мекеме басшыларына қорытындылар жолданды. Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары ҚР заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады.

Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыты мемлекеттік органдар басшыларының жұмыс нәтижелері туралы есептерін тыңдау болып табылады. Жыл басынан «2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы» аудан әкімінің есебі тыңдалды. «2017 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы» жөніндегі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі және қаржы бөлімі басшысының, «Ауыл-шаруашылық кооперативтерін құру» бағдарламасының орындалу барысы туралы ауданның ауылшаруашылығы бөлім басшысының есептері тыңдалды. Алдағы жоспар ауданың мәслихат депутаттарымен бірігіп, ауылдық округтерінде орналасқан мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу.

Қоғамдық кеңестер азаматтық бағдарламаларды дамытудың негізгі институты болуы тиіс және барлық азаматтарды оларды толғандыратын өткір мәселелер айтуға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп және осы мәселелер бойынша тиімді шешімдер қабылдау жолдарын қарастыруда.

– Әңгімеңізге рахмет! Алдағы уақытта да қоғамдық негізде жұмыс істейтін жаңа құрылым заң талаптарын жүзеге асыру жолында кездескен кедергілерге қарамастан, өзіне берілген өкілеттіктер шегінде атқарушы билік пен бұқараның ақылдасу алаңына айналып, қоғамдық бақылаушы міндетін адал атқара береді деген сенімдеміз.

 

 Роза АЙДАРБЕКОВА.

"Іле таңы" газетінің бас редакторы