
Бүгінде намысты қолдан бермей, қазақ елінің мәңгілік ел болуына өз үлесін қосып келе жатқан жалынды жастарымызды көргенде, болашағымызға сеніммен қарай аламыз. Сондай жігерлі жастарымыздың бірі, кәсіпқой боксшы, «Астана-Арланс» клубының мүшесі, ҚР спорт мастері, халықаралық көптеген турнирлердің жеңімпазы, Боралдай кентінің төл тумасы Әли Ахмедов Польшаның Семятыче қаласында өткен орта салмақтағы кәсіпқой бокс додасында қарсыласы британдық Патрик Мендиді 8-раундта тізе бүктіріп, кезекті жеңіске қол жеткізді.
Көк туды желбіреткен, намысы биік арланымыз Әли Ахмедовты Алматы әуежайында боралдайлықтар үлкен мақтанышпен, құшақ-құшақ гүлмен қарсы алды.
Құрметке бөленген Ә.Ахмедов «Жерлестерімнің көрсеткен құрметі маған сенім беріп, келесі жарыста жеңіп шығуға күш сыйлайды. Осындай патриот жерлестерім бар мен бақыттымын» - деп ағынан жарылды.
Айта кетейік, жас орта салмақтағы кәсіпқой бокстың саңылағы Ә. Ахмедовке әлемге танымал Боб Арум мен Оскар Де Ла Хойя сынды промоутерлер қызығып отыр. Әлиге әлемнің кәсіпқой бокс аренасы есігін айқара ашқалы тұр. Сөз соңында қарсыласыңды қапыда қалдырып, жеңістің тұғырынан көріне бер, жас арлан дегіміз келеді.
|