Жалпы, діни тұрақтылық - дамудың негізгі кілті. Дін адамдар дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймай, адамның жан дүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінезбен сабырды серік етуге жетелейтін бірден-бір ілім. Сондықтан иманды, тәртіпті, білімді ұрпақтар діни тұрақтылыққа жіті мән беріп, тұрақтылық пен татулықты, ынтымақты сақтау жолында аянбай іздене берулері тиіс.
Тәуелсіз елімізде, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің де берік негізі қаланды. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта отырып, өз Отанымыздың ертеңгі кемелді келешегі үшін, баянды болашағы үшін адал қызмет ету.
Тұңғыш Президентіміз ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, елімізде дінаралық диалогтың жарқын үлгісін қалыптастырды. Қазақстандағы этносаралық толеранттылықты әлемге әйгілі етті. Дүние дүрлігіп тұрған тұста бізді қақтығыстар мен кикілжіңдерден аман алып шықты. Өз кезегінде бұқара халық Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдап отырды. Қолдап қана қойған жоқ, сенім білдіріп, соңынан ерді. Ұлт Көшбасшысы ел аманатын абыроймен арқалады. Осылайша елімізде «Елбасы – біреу, халқы оған – тіреу» деген ұғым пайда болды.
Этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезде жалпыхалықтық жетістік болып қала береді. Мақсатқа жету үшін Елбасының бастамасымен Астанада әр үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі ұйымдастырылып келеді. Астанамыздың төрінде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтуі жалпақ жаһанның Отанымызды, Елбасымызды, қазақ халқын мойындағаны деуіміз керек. Дін бірлігі – үн бірлігі. Мұндай үлкен жиынның дүниежүзінде бұрын-соңды ұйымдастырылмағандығын ескерсек, съездің мән-маңызы тіптен арта түседі. Осылайша, әлемдік діндер көгінде құс жолындай айшықты арна тартылды. Сол бейбітшілік пен ынтымақ, төзімділік пен бірліктің алтын ордасы тағы да Қазақстан болып отыр. Бұдан биік мәртебе, бұдан асқан құрмет те жоқ шығар. Барымызды бағалап, қазақы қалпымызды тағалап жүрелік! Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін ұйымдастыру арқылы халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары баға берді. Бұл – біз үшін абырой әрі мәртебе. Ұлт Көшбасшысы ел азаматтарының ұлттық және конфессиялық мүдделерін сақтаудың ерекше құралы ретінде дүниеге Қазақстан халқы ассамблеясын әкелді. Бүгінде әлемде теңдесі жоқ аталмыш институт ел аумағындағы ұлттық-мәдени орталықтар мен бірлестіктердің құрылуына ықпал етіп отыр.
Бірлік, төзімділік және ұлтаралық келісім сынды құндылықтар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ ел дамуының бастауы болды. Этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң тұрақтылығын нығайтуда Елбасының.
Өмірдің өзінен көріп отырғанымыздай, қоғамдық келісім маңызды саяси-идеологиялық құндылыққа айналды. Ол қоғамның жемісті экономикалық, саяси дамуының алғышарты бола отырып, ұлттық мүддемізбен терең тамырлас және оның бет-бейнесін айқындайды. Бүгінгі таңда еркіндік алған ел Көк байрағын желбіретіп, әлемдік аренаға шығып, демократиялық елдердің қатарына қосылды. Еліміз әлемдегі ең көп ұлтты, ең көп дінді мемлекеттердің бірі болып табылады. Діни татулықты әрдайым басты назарда ұстайтын Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «…Мемлекеттің зайырлылығы Қазақстанда бар барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таңдау еркіндігінен арқаулық табады. Конфессияаралық толеранттылықтың мұндай ахуалы, сірә, әлемде еш жерде жоқ», – деген болатын. Күрделі міндеттерді шешудің негізі бірлікте екендігін жадымыздан еш шығармай, достық пен келісім арқылы ғана Қазақстанды биік белестерді бағындыратын еңселі мемлекетке айналдыра аламыз. |