Көктемнің алғашқы күлімдеп атқан шуақты күні Н.Тілендиев ауылындағы №26 орта мектебінде аудандық әкімшіліктің мұрындық болуымен 1 наурыз «Алғыс айту» күні салтанатты түрде кеңінен аталып өтілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Д. Жүнісов, аудан көлеміндегі күрд, кәріс, украин, ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан көлеміндегі орта мектеп директорлары, аудандық кітапхана мен мәдениет қызметкерлері қатысты.
Берекесі мен мерекесі артқан жиында аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов сөз алып, Елбасы Жарлығымен екінші жыл қатарынан тойланып отырған Алғыс айту күнінің мәнінің ерекше екендігін атап өтті. Ол «Бұл күн - өзге ұлт өкілдерінің кезінде өздерін құшағын жайып қарсы алған қазақ халқына алғыс айтатын күні. Сонымен бірге аға ұрпақ өкілдеріне, ата-ана, туыс-бауыр, барша жұртқа шынайы сезіммен ризашылық білдіретін күн. Ең бастысы, көп ұлт өкілдері тату-тәтті тұратын Қазақстан «Мәңгілік елге» айналуы үшін әркім де өз үлесін қоса білуі тиіс. Осындай айтулы мереке күні баршаңызға ашық аспан, бақ-береке, шуақты күндер тілеймін! Еліміз сан ұлттардың құтты мекені, әлем мойындаған татулық пен тыныштықтың ордасы болсын! - деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Жиында мінберге көтерілген чапайлық «Гнездышко» балабақшасының меңгерушісі Л.Лаврова ата-бабалары, ағайын-туғандары жер аударылып келгенде, бауырына басқан қазақ халқына алғыстары шексіз екендігін жеткізді. Одан кейін ақын Ш. Мұқанов, №18 орта мектептің психологы В. Талюс, №26 орта мектептің ұстазы Е. Кацер қазақ тілінде алаш жұртына шынайы алғыстарын білдіріп, кең байтақ Қазақстан жерінде емін-еркін өмір сүріп, білім алып жатқандарына жүрекжарды алғыстарын айтты.
Жүректі жылытқан мерекелік құттықтаулардан соң, концерттік бағдарламаның сәнін жетігендік «Элегия» үлгілі ансамбльдер мен «Жаңа ғасыр» квартеті, «Наз» бишілер тобы сынды өнерпаздары кіргізді. Олардың ішінде бүлдіршіндер де болды. Бірі ән айтып, би билесе, енді бірі домбырамен күй күмбірлетті. Қойылым қойып, «Қаражорға» биін билегендер де ілеліктердің көңілінен шығып жатты.
Айта кетейік, «Алғыс күніне» арналған осындай мерекелік іс-шаралар барлық округтерде ұйымдастырылды.
|