БАСТЫ

 
 
 

ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН СЕРПІНДІ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

06.02.2017

       

Елбасымыз Н.Назарбаев барша қазақстандықтарға аса маңызды тағдырлы мәселені жариялады. Конституция мен заңдарға жаңа реформаны енгізе отырып, билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлді. Ол «Қазір заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруге тиістіміз. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым», - деді.
Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттері үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілді. Бұл салаға үкімет және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы жұмыс істейтін болады.

Жаңа реформаның ізімен Президентіміз Н.Назарбаев Қазақстан халқына аса маңызды «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы күн тәртібіне Қазақстанның үшінші жаңғыруы жөнінде міндет қойды. Мақсаты - елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Мемлекет басшысы, «бұл жаңғыру - қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» бағдарламасы негізінде «Қазақстан - 2050» стратегиясының мақсаттарына, болашаққа бастайтын сенімді көпір» - деді. Президенттің Жолдауы Қазақстанның әрбір азаматының өмір сапасын арттыратыны сөзсіз! Халықтың тұрмысына «Цифрлық Қазақстан», IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялар қолданысқа енгізіледі. Үкіметтің алдына 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есеге ұлғайту міндеті қойылды. Қазақстанның агроөнеркәсібі Еуразия континентінің «нан кәрзеңкесіне» айналады, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске асырылады. Үш тілді қоғамның негізгі іргетасы ретінде мемлекеттік тілді дамытуға тың серпін беріледі. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған жаңа Мемлекеттік бағдарлама дайындалады, «Қазақстан киберқалқаны» жүйесі қалыптастырылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет екенін, біздің басты күшіміз - бірлікте екенін ерекше атап өтті. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы Қазақстанды үшінші жаңғырту идеясын толық қолдайды. Біз үнемі алға жылжи, ұлы мақсаттарды іске асыра отырып, Мәңгілік Елдің берік іргетасын бірге қалаймыз! Болашағы біртұтас ел - біздің мақсаттарымыздың, құндылықтарымыздың бірлігімен, қоғамдық келісімнің күшімен қалыптасады. Қазақстанның Үшінші жаңғыруы саяси конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылады.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы Ұлы Дала елінің барша халқын Қазақстанның Үшінші жаңғыруының бірыңғай әлеуметтік драйвері болуға шақырады. Біздің ортақ жетістігіміз - әр азаматтың күш-жігеріне, жоғары азаматтық борышы мен жауапкершілігіне байланысты. Біздің біртұтас болашағымыз, халқымыздың өсіп-өркендеуі мен бақыты үшін қажетті. Үшінші жаңғырту бағдарламасында әрбір азамат өз орнын табатыны сөзсіз.


Е. ТҰРЫМБЕТОВ,
«Нұр Отан» партиясы аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары