Өтеген батыр кентіндегі «Мақсат» кафесінде «Әбу-Ханифа» мешітінің ұйымдастыруымен, Күнсұлу мен Гүлнар Сансызбайқыздарының қолдауымен Мәуліт мерекесі аталып өтті. Онда 120 адамға дастархан жайылып, қасиетті құран сүресін оқумен басталды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні бүкіл мұсылмандардың мейрамы болып есептеледі.
Бұл - дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті. Мәуліт мерекесінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар салауаттар айтылып, сәлем жолданады. Аллаһ ризалығы үшін Мәуліт жиындарын ұйымдастыру, мәуліт оқу, салауат айту, халыққа дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстахаб саналады, - дейді Алдажар Сейітұлы.
Сондай-ақ, шараға қатысқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Р.Абилова, аудандық кітапхана директоры М.Жәбиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Данашұлы жиылған халықты қасиетті Мәуліт мерекесімен құттықтады. Одан кейін «Асыл арна» телеарнасының тілшілері ортаға шығып, жамағатқа Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаның қайырымдылығы мен жасаған ғибадат амалдары жайлы уағыз-насихат айтса, Боралдай кентіндегі медреседе оқитын шәкірттер имани өлеңді нақышына келтіре орындады.

|