БАСТЫ > 

 
 
 
ЕМІРЕНІП ЕЛІ ІЗДЕГЕН ХАС АҒА 05.10.2016

       

Ілеліктер топырағы - ежелден аты аңызға айналған дара таланттардың, аймаңдай асылдарымыздың алтын бесігі, құтты қоныс Райымбек ауданы, Қарасаз ауылының дара тумасы, айтыскер ақын, сатирик  Хасанәлі Саматыровтың еске алу кешін ұйымдастырды.

Кеш аудан әкімінің аудандық кітапханасында өтті. Кешке араға ұзақ жылдар салып халықпен табысқан ақындар айтысын Жетісу өңірінде алғаш ұйымдастырған филология ғылымдарының докторы Бұлдыбай Анарбай, айтыскер ақын Нұрлан Әбдібек, ақын, қазақ радиосының қызметкері, ақынның шәкірті Бақыт Жағыпарұлы, айтыскер ақын Даубай Әбдісаев, жерлесі, ақын Сәлім Жусанбай, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ұлжан Жұмаділова, кітапхана директоры Мейрамгүл Жабиева мен өңір зиялылары, ақынның туыстары, балалары және Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп оқушылары қатысты. Онда Хасанәлі ағамыздың Әселхан ақынмен айтысқан 1984 жылғы видеожазбасы көрсетілді. Көзкөрген ақындардан айтыскер ақын Хасанәлі аға жайлы түрлі-түрлі сыр ақтарылды. «Жан толқыса, жыр төгілер жүректен» кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақын өмірі туралы «Біз білетін - Хасен» атты слайд жасалып, №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушылары ақынның өлең, сатираларын оқыды. Кеш барысында көзден кетсе де, көңілден өшпесін деп азды-көпті мұрасын жинақтап, оқырманға ұсынылды.

Тамаша табиғаты көңілге шабыт беретін қасиетті Қарасазда әдебиеттің майын ішіп, жілігін шаққан дарабоздар жеткілікті. Осындай тұлғалардың бірегейі - халықтың баласы атанған, ұлттың перзенті, сатираның сабазы, уытты тілдің ұстасы - Хасанәлі екенін бірі білсе бірі білмейді. Кешегі Құлмамбеттің құлыны, Көдектің өзі, Сүйінбайдың сөзі атанып кеткен Оразаәлі Досбосыновтың ұстазы болды.

Тумасынан турашыл, жалтақ жағымпаздығы, атаққұмарлығы жоқ. Жазған сықақ әңгімелерінде де шындықтың шырақшысы бола білді. Қарапайым, кішіпейіл, өзіне ғана тән елгезек мінезімен ерекшеленетін Хасанәлінің  сықақтарын оқи отырып, ол кісінің рухани бай, тек ақиқатты іздеген ақиық азамат болғандығын байқаймыз. Оның өзі шығарған «Ботақан» өлеңінде сонау 90 жылдардағы қоғамның бет-бейнесін нақ көрсетсе, «Сені іздеймін» әні лирикаға басымдық беріп, екі адам арасындағы сағынышпен жылы ынтымақтастықты жеңіл сездіртіп тұрады. Дәл осы «Сені іздеймін» әнін кеш барысында ақынның ұлы Ертілеу Хасанәліұлы нақышына келтіріп орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Салтанатты шараны КазЦИК ауылының белсенді азаматы, Қарасаздың топырағына аунап өскен азамат Келгенбай жүргізіп отырды.

Қай қоғамда болмасын айтыстың аранына сұранып тұратын «сыздауықтай» мәселелер көптеп кездеседі. Міне, осындай мәселелерді дер уақытында, орнын таба орағытып, қарапайым тілмен ғана халыққа жеткізе білген ақын шығармалары қиуадан шауып, қисынын тауып  жатты.

Бұл туралы айтыскер ақын Даубай Әбдісаев «Мен Хасанәлімен талай жиында бірге болдым. Жанынан қалмайтынмын. Ол кісі жәй адам емес. Отауызды айтысқа да бар, қолынан мүсін жасауда келетін еді. Есік алдындағы қорасының сыртына балшықтан түрлі жан-жануарды салатын еді», - деп еске алды.

 «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» - демекші, орақ тілмен орып түсетін, орағытып өтсе де орнымен айтатын Хасанәлі Саматыров  ағамыздың айтқан әзілдері әлі ел аузында. Оны жиылған қауым өз араларында айтып қыран-топан күлкіге айналдырып отырды. Болашақта ақын ағамыздың кітабы жарыққа шығады деген ыстық ықылас білдірілді.

Салтанатты шараның барысында аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен келген қонақтарға «Қуыс үйден, құр шықпас» - деген желеумен шағын ғана сый-сияпат үлестірілді.

Салтанатты шара соңында өзінің артына шығармашылықтан өшпес із қалдырған шанышпа тілдің шабандозы, айтыскер ақын Хасанәлі Саматыровтың жерлестері және ақынның шығармашылығына тәнті табынушылары шығармашылығын одан әрі дамытып, облыс көлемінде атап өтуге шақырды.