БАСТЫ > 

 
 
 
БІЛІМІ ТЕРЕҢ ЕЛДІҢ БІЛІКТІ МАМАНДАРЫ КӨП БОЛАДЫ 05.09.2016

   
         Өткен аптада Комсомол ауылындағы №31 орта мектепте «Білімді ел - мәңгі ел» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі болып өтті.
Тамыз кеңесі аудандағы білім беру жүйесінің даму көрсеткіштері мен жетістіктері жайлы көрмемен ашылды. Онда аудан көлеміндегі әрбір орта мектептер өздерінің жетістіктерін жаңа электронды слайд арқылы көрсетті. Тамылжыған тамыз айында дәстүрлі түрде өткізілген жиынды аудан әкімінің орынбасары Д. Жүнісов жүргізіп отырды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің басшысы Л. Каткеева ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтай келе, ауданда білім саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, биыл екі мектеп қолданысқа берілетінін келесі жылы да аудан көлемінде жаңа орта мектептер құрылысы жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ, оқу бөлімінің басшысы өз сөзінде бала тәрбиесіне басымдық берді.
Кеңес барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Л. Каткеева аудандағы білім беру саласында бір жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Одан кейін кеңеске қатысушылар арасындағы жарыссөзге Күрті ауылдық округінің әкімі Д. Өгізбаев «Мәңгілік ел болашағы - жас ұрпақ», «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Б.Базарбаева «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің білім беру мазмұнын жаңарту», №39 гимназия директоры Г.Какенова «Сапалы білім мен тәрбие беру - Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы», №11 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Р.Дүйсембаева «Білім мазмұнын жаңарту арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру», К.Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Д.Тауханова «Білім беру мазмұнын жаңарту - жарқын болашақ кепілі» атты баяндамаларын оқыды.
Шара соңында аудан әкімі Қ.Медеуов мінберге көтеріліп, барлық ағарту ісінде аянбай қызмет етіп жүрген ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, аудандық білім бөлімінің басшысы Л. Каткееваға ҚР-ның «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісін тапсырды. Сондай-ақ, жылдың үздік деп танылған ұстаздарға өз қолымен Алғыс хат табыстады.