БАСТЫ

 
 
 

ҚАНДЫСАЙ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙҒЫСЫНЫҢ ТАҢБАСЫНДАЙ

05.06.2017

 

Елбасы 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, 1997 жылы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы күнге орай бүгін аудан әкімінің орынбасары Н.Құматаев пен ауданымыздағы мемлекеттік мекеме басшылары, мәдениет қызметкерлері және тұрғындар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға КазЦИК ауылдық округіндегі «Қандысай» сайына жиналды. Сонау 1992 жылы арнайы зерттеулерден кейін ашылған бұл қорымда жазықсыз қуғын-сүргін зұлмат заманындағы Алаш азаматтары жерленгенін дәлелденгеннен кейін ескерткіш қойылған болатын.

Онда Іле, Түркісіб, Алатау, Жетісу аудандарының әкімшіліктері мен зиялы қауым өкілдері және мекеме қызметкерлері ескерткішке  гүл шоқтарын қойып, қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. 1930 жылдары болған солақай саясат тұтастай қазақ халқына ауыр қасірет әкелді. Жазықсыз қудаланды, атылды. Ашаршылыққа ұшырады делінген тарихи әңгімелерде. Осы кезеңде Қазақстанда 103 мың адам қудаланды. Ал, «халық жауы»  деп  25 мыңдай азамат ату жазасына ұшырады.

«Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын», - деген саясат сол кездегі КСРО құрамындағы бірнеше халықтың жан-жаққа шашырап, Ата жұрттан жан сауғалап  кетуіне әкеп соқтырды. Сол тұста Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс және басқа да ұлттардан 507 мың адам күштеп жер аударылды. Қиын кезеңді басынан өткергеніне қарамастан, қазақ халқы жүз мыңдаған кінәсіз халықтарды жомарттылығымен құшақ жая  қарсы алды. Аталған қырғының зардаптары әлі күнге сейілген жоқ.

Еске алу шарасында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Н.Құматаев: - «Тәуелсіздік үшін Алаштың арда ұлдары солақай саясаттың құрбаны болды. Аяусыз зорлық-зомбылық көрді. Сол бір зұлмат уақытта біздің елімізге де мыңдаған өзге ұлт өкілдері жер аударылды. Қазақ жұртшылығы барлығына құшақ жайып, бір үзім нанын бөліп берді. Біз олардың есімін ұмытпай, әрдайым ұлықтауымыз қажет», - деді .

Шарада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Исаев тарихтан тың дәйектер келтірсе, Междуреченск ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Жармағанбетов зұлмат жылдардағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайының қиындығын баяндады. Одан кейін Жетісу ауданы әкімінің орынбасары С.Тоғай, Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Қабдолдиндер арыстарымызды күңірене еске алды.

Сөз соңы қуғын-сүргін құрбаны болған бабаларымыздың туысқандарына берілді.     Көрнекті жазушы, мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың жары Дәмеш Әмірханқызының қолында өскен Б.Биназаров атасы жайлы естіп, білгенін көпшілікке айтып берді. Өзекті өмірдің өкініштісі сол, өз қолымен жасап атқарған еңбегінің нәтижесін көре алмай, небәрі отыз тоғыз жасында, қоғамға еңбегі сіңіп, марапатқа ие болып, халқының қалаулысы,  депутат, әрі нарком бола тұрып, өз қоғамының жауы атануы қай қазақ баласы болмасын ауыр тиері хақ. Темірбек Жүргеновтың сүйегі дәл осы «Қандысай» сайында жерленен. Оны кейін Дәмеш апамыз сол кезде көму үшін әкелген көліктің жүргізушісін кездестіріп, соңынан қалмай жүргенде осы жерді көрсетіпті. Кейіннен қазба жұмысы басталғанда расында да сүйектер табылып, арулап көмілген екен.

Кейін ескерткіш орнатылып, халықтың жазықсыз қуғында қызыл Кеңес саясаткерлерінің қолынан қаза болғандарға құран бағыштайтын орнына айналған.

Шара аяқталғанда КазЦИК ауылындағы «Әділхан» мешітінің бас имамы М.Маңғытбаев қуғын-сүргін құрбандарына арнап құран оқыды. Артынша ескерткіш басына гүл шоқтары қойылды.