Саяси қуғын сүргінге ұшырағандарды еске алу  

31 мамыр - Қазақстан мемлекеті үшін қаралы дата. Бұл жылы жаппай ашаршылыққа ұшырағанымызға 80 жыл, саяси қуғын-сүргіннің, болғандығына 75 жыл толып отыр. Осыған байланысты Боралдай кентіндегі Қандысай жазығында қаралы жиын өтіп, қуғын-сүргін құрбандары еске алынып, үлкен ескерткішке гүл дестелері қойылды. Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алу шаралары өтті.

Қаралы жиынның алғы сөзі «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Исаев Әмзе Әлдибекұлына берілді. Ол өз сөзін «Бұл қанды қырғын қашанда алаш жұртының есінде мәңгі қалады. Қараңғы бұлттай көлеңкелі қасіретті оқиға өскелең ұрпақтың жадында сақталады. Әлі де сыры ашылмаған қуғын-сүргін құрбандары солардың қолында. Нұротандықтарды елдің өткен тарихына бет бұруына шақырамыз. Арманына жете алмай атылып кеткен арыстарымыздың жаны жәнатта, имандары жолдас болсын!» - деген терең толқыныспен аяқтады. Ащыбұлақ ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нәжмедин Чатуев өз сөзінде қазақ даласымен халқына мың алғыс айтатыны жеткізді.

« - Олардың дархан мінездері, мені қашан да таң қалдыруда. Өз бауырындай бауырына басып, бір үзім нанды бөлісіп жеді. Кеудемізден ешқашада кері итермеді. Мен басымды ием ұлы халықтың асыл арыстарына»,- деп ескерткіш тасты сүйді. Нәжмедин ақсақалдың әрекеті жиылған қауымының көзіне жас әкелмей қоймады. Осы қаралы жиынға қуғын-сүргінде көз жұмған азаматтарымыздың туыстары қатысты. Соның бірі 1936-1937 жылдары Қазақ КСР Заң халкомы және республика прокуроры болған Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тумасы қазақтың алғашқы прокурорларының бірі Сүлеймен Есқараевтың немересі Есқараева Мауия Маратқызы атасын еске алып, аза күнге ортақтасты. Ол осындай үлкен құрмет көрсетіп, осы жерді өз қамқорлығына алған аудандық әкімшілікке өз алғысын білдірді. Зұлмат жылдары шейіт болғандарға “Водник” ықшам ауданының бас имамы Алдажар Сейтұлы құран оқыды.

 

 

 

Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмды.

Сонымен қатар, қуғын-сүргін репрессия кезінде шет елге кетуге мәжбүр болған қазақ азаматтары бар. Тек қарапайым ғана халық үдере көшкен жоқ, олардың басында халықты, елді шашыратып алмас үшін уысында ұстап, оларды аман сақтап қалу үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар бар. Осы мақсатта бізге зерттеу еңбектерін тоқтатпау керек, керісінше, мүмкіндік болса, мемлекеттік гранттар алып, мемлекеттік деңгейде шынайы көз жеткізіп зерттеген жөн.