БАСТЫ

 
 
 

АРДАГЕРЛЕР, АРДАҚТЫСЫҢ ӘРҚАШАН

05.05.2017

 

Бүгін Жеңіс күні мейрамының алдында аудан әкімі Қ. Медеуов Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, мерекелерімен құттықтап, хал-ахуалдарын сұрады. Оған аудандық мәслихат хатшысы Р.Абилова, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Ж.Айтенова, Энергетический ауылдық округінің әкімі Н.Көкім және демеушілік көрсеткен «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының өкілдері қатысты. Өтеген батыр кентінде тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлері В.Заец, Т.Толғанбаев, А.Крутских, Н.Лецкевичтер-дің үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтап қайтты. Сонымен қатар аудан әкімінің 9 мамыр - Жеңіс мерекесіне арналған арнайы құттықтау грамотасы мен қаржылай сыйлығын табыстады. Ардагерлердің жағдайларымен жан-жақты танысып, фашизмнің көзін жойып қана қоймай, еңбекпен ерлеп, ауыл құрметтісі атанған, бүгінде көпті көріп, көненің көзі болған қазыналы қарттарға сый-сияпаттар табыстады. Кезінде елге еңбегі сіңген қарттардың тұрмысымен танысқан аудан әкімі сұрапыл соғыста қиындыққа мойымай, аянбай тер төккен, сол арқылы жеңісті жақындатқан ардақты жандарға бейбіт өмір сүріп жатқан азат ұрпақ атынан шексіз алғыс айтты.
Ардагер қарттар аудан басшысының арнайы келіп көрсеткен құрметіне шексіз алғыс сезімдерін білдірді. Сонымен бірге ел-жұрттың амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Дәл осы игі-іс барлық округтерде жалғасын табуда. Аудан әкімдігі аппаратының бөлім басшылары мен округ әкімдері, аудандық әлеуметтік салаға жауапты қызметкерлер Ұлы Отан соғысы ардагерлерін аралап, сый-сияпаттарын таратуда.