Басты  - ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ - ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
 

 
 
 
АУЫЛЫ БАТЫРЫМ ДЕП ТҰР 05.05.2016


Өткен ғасырдың аяғында нақтырақ айтсақ, 1986 жылдың 26 сәуірі күні Кеңес Одағында ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат орын алды. Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының төртінші блогы жарылып, реактор толық істен шықты. Бұл апаттың алдын алу үшін қазақ жерінен үлкен көмек көрсетіліп, мыңдаған адамдарымыз уран радиациясының сәулесінен мүгедек болып қалды. Осы апатқа биыл аттай 30 жыл толып отыр.
Ағзаға сіңген сәулемен алысып өмір сүргендер қатарында біздің ауданымыздың азаматы да бар. Ол Чернобыль апатының батыры Құйған ауылының тұрғыны Нұрхайын Мухиддин.
Өткен аптада осы Нұрхайын ағамыздың атына №32 орта мектепте волейболдан Құйған ауылы азаматтары арасында турнир өтті. Оған жақын маңдағы ауылдардан құралған жеті команда қатысып, өзара күш сынасты. Дәл осылайша жерлестері батырға деген өздерінің құрметін көрсетті.
Бұл бастама Чернобыль апатының батыры Нұрхайын ағамыздың мерейін асырды. Ол өзінің сол қаралы күндегі жасаған ерлігінің далаға кетпегенін түсінді. Оның артынан ерген өскелең ұрпақтың мақтан ететінін көзімен көрді.
- Мен 1986 жылдың 1 мамырынан бастап 18 қарашаға дейін сол апат болған аймақта жұмыс істедім. Мен газемист бас маманы болдым. Міндетім аумаққа кіретін адамдарға рұқсат қағаз беру. Өте қиын жағдайда қалдық. Көмекке Қазақстаннан 36400-дей адам барды. Соның қазір 5 мыңға жуығы тірі. Елбасымызға рахмет, елеп-ескеріп, ай сайын қаржылай көмегін алып тұрамыз. Батыр деген атаққа ие болдық. Бұл да болса біз үшін үлкен құрмет қой. Міне, бүгін ауылдастарым және мектеп ұжымы Жетіген ауылдық округінің әкімшілігі бірігіп менің атымнан волейболдан жарыс өткізіп жатыр. Жеңімпаз командаларға әкімшілік атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жарысқа ауыл ақсақалдары да келіп жастардың бастамасына ақ батасын беріп, ойынды бірге тамашалады.
- Ауылымызда біздің батырымыз Нұрхайынымыздың атынан спорттық ойындар өткізіп жатырмыз. «Ұлыңды ұлықтамау, жақсыны қызықтамау, ырысыңды тепкендік, өз тілеуіңді өзің кескендік», - деп жазушы Ә. Кекілбаев айтқандай, батырды ұлықтау жастарға үлкен тәрбие еліктеушілік болып табылады. Бүгінгі іс-шараның куәсі болған жастар ертең Отанын қорғап, ел алдындағы абыройын дәл осылай сақтап қалуына тырысады ғой, - дейді құйғандықтар.
Турнир соңында жеңімпаз үш командаға естелік сыйлықтар табыс етілді. Біз бұл ойында Елбасымыздың ауыл жастарының 30 пайызын спортқа қатыстыру мәселесінің оң шешімін тапқанын көріп көз қуанттық.