БАСТЫ

 
 
 

ЕЛДІКТІҢ НЕГІЗІ СТАНДАРТҚА САЙ БОЛСЫН

05.04.2017

 

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір Қазақстан азаматының міндеті.

Осыған байланысты апта ортасында Байсерке ауылындағы №12 орта мектепте Жетісу жастары ұйымының конгресі жастар қоғамдық бірлестігінің менеджері Д. Ауданбаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және маңыздылығы мен ерекшеліктері жөніндегі «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік нышаны» атты семинар өтті. Іс-шараны жүргізген Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары А. Бариев бұл шара мемлекеттік рәміздер туралы түсініктемелер беруге бағытталғанын атап өтіп, еліміздің мемлекеттік рәміздерінің маңыздылығына, құндылығы мен ерекшеліктеріне тоқталып кетті. Мұндай іс-шаралар аудан орталығында, елді мекендерде өткізіліп жатқандығын атап өтіп, мемлекеттік рәміздерді тұрғындар арасында насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығын айтты.

Келесі сөзді алған «Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Алматы облысының департаменті» бөлімінің басшысы Қ.Джумонова және «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы бөлім меңгерушісі А. Смайлов басқармаға қарасты мекемелердегі рәміздердің орналасу жағдайына тоқталды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» туралы Заңының талаптары мен мазмұнына қысқаша тоқталған департаменттің мамандары Н.Тимурқызы мен А.Музафияров, мемлекеттік мекемелердегі рәміздердің заң талаптарына сай қалай орнатуға болатынын слайд арқылы көпшілікке таныстырды.

Мекеме басшылары мен аудан көлеміндегі орта мектептің осы салаға бекітілген мамандары тақырып көлемінде сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді.

Рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәртібі аса маңызды. Ел Үкіметінің 2007 жылғы қаулысы бойынша Мемлекеттік Ту мен Елтаңба ұлттық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Бұл стандарттар 2008 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілгені белгілі. Бұл талаптарды орындамаған мекемелер жауапкершілікке тартылады. Мемлекеттік нышандарымыз «ҚР мемлекеттік рәміздері бейнелерін орналастыру тәртібіне» сай орналасуы қатаң қадағаланады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын бір және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі. 1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады. Ал, 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5х3 метрден 2x4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1x2 метр өлшеммен) орналастырылады. 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2x4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1х2 метр өлшеммен) орналастырылады. Ал, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын бір және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі. Бір қабатты ғимаратта Мемлекеттік Елтаңба (диаметрі 500 миллиметр) ғимараттың жабу деңгейінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады. 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 1-ден 1,5 метрге дейін) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (диаметрі 500 миллиметр) орналастырылады. 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 2 метр) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (диаметрі 500 миллиметр) орналастырылады. 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Елтаңба соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында (диаметрі 3 метр және одан жоғары) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (500 миллиметр диаметрмен) орналастырылады. Ғимараттарға тұрақты тігілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруға тиіс.

Міне, бұл талап орындалмаса, мекеме басшылары белгіленген көлемде айыппұл төлейтін болады.

Ескерте кететін жағдай, мемлекеттік рәміздер 3 жыл көлемінде ауыстырылып тұрады. Биылғы рәміздерді ауыстыру мерзімі 2017 жылдың 1 шілдесіне белгіленіп отыр.