Өзіміздің тарихымызда қағазға түсіп қатталмаған, алайда Ұлы дала дәстүріне негізделген басты қағидаларымыз болғанын жақсы білеміз. Азаттық алу бағытындағы алғашқы құжат – Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы. Ол 1990 жылғы 25 қазанда қабылданды.
Декларация мемлекеттік билік органдарының құрылымы мен құзыретін айқындап берді. Осы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде қордаланған мәселелер жеткілікті болатын. Қол жеткізген жетістіктерімізге сүйінушілермен қатар, күйінушілер де жоқ емес еді.
Олардың қатарында «Қазақстан көп ұзамай әлеуметтік катаклизмге ұшырайды», «Қазақ халқы этносаралық дау-жанжалдардың ошағына айналады» деп болжаған «сәуегейлер» де болды. Иә, рас, елімізде мұндай сценарийлердің өрбуі әбден мүмкін еді. Бұған негіз болатын бірнеше ықтимал факторлардың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Себебі, тоқсаныншы жылдар басындағы өтпелі кезеңде кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрсауынан шыққан одақтас мемлекеттерде саяси қақтығыстар мен әлеуметтік күйзелістер бірінен соң бірі орын алып жатты.
Ел басына күн туған осындай сындарлы кезеңде сүрінбейтін жол тауып, елді жарқын болашаққа жетелеу – көшбасшылардың ғана қолынан келетін іс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде, соның ішінде, көршілес елдерде болып жатқан ахуалды саралай келе, елімізді бейбіт дамытудың түрлі амалдарын қарастырды. Міне, осындай ауқымды мемлекеттік мәселелерді ойдағыдай шешу үшін, әрине, елімізге ең бірінші кезекте Конституцияны қабылдау қажет еді. Тәуелсіз Қазақстанның 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңы: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген кемел болашаққа сенім ұялататын кіріспе сөзден басталды.
Жаңа Конституция 9-тарау, 98-баптан құралды. Референдумға қатысқан ел азаматтарының 90 пайызға жуығы, яғни қатысуға құқығы бар жеті миллионнан астам азамат Ата Заңымызды қабылдауға бірауыздан дауыс берді. Конституция – елдің барлық саласындағы: саясат, экономика, әлеуметтік саладағы жетістіктердің, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің берік құқықтық іргетасы болып табылады. Президент мемлекеттік басқару жүйесінің іргелі органы ретінде сот жүйесінің дамуына айрықша мән беріп келеді. Бұған дәлел жаңа Конституция қабылданған тұста Мемлекет басшысы: «Менің құқықтық мемлекетте азаматтарды Президент те емес, аймақтың басшысы – әкім де емес, министр де емес, сот қорғауы керек екеніне күмәнім жоқ. Барлық сот және құқық қорғау жүйесі өзінің басты мұраты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті», деген сөзімен отандық Ата заңымыздың мәртебесін арттырып қана қоймай, оған зор сенім артты.
Р. ҚЫСТАУБАЕВА,
аудандық Әділет басқармасының басшысы, Заңгерлер Одағының мүшесі
|