Барша мұсылман баласына белгілі желтоқсан айының 23 жұлдызы Мәуліт айы кіріп, күллі ғаламның рахым нұры болған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың туылған күні. Осы мәртебелі мереке аудан орталығындағы «Өтеген батыр Сәбденұлы» мешітінің ұйымдастыруымен жоғарғы деңгейде аталып өтті.
Аталған шараға ҚМДБ Пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары С.Құрбанов, Республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі, Нұр Мүбарак университетінің ұстазы Р. Батталұлы, ақын Қ. Елемес арнайы келіп қатысты.
Сондай-ақ, «Қош келдің, Мәуліт!» атты рухани кеште аудан тұрғындарымен жүздескен ұстаз Р. Батталұлы дәстүріміз бен ғұрпымыздың дінмен астасып жатқандығын, қазақы болмысымыздың өзінен мұсылмандық сипат айқын аңғарылатынын айта келіп, елге, жерге қызмет етіп, салт-дәстүрімізді дәріптеп, дамыту, дінімізді берік ұстану керектігі турасында көпшілік қауымға насихат айтты.
Сонымен қатар, асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрбір амалы мен мінез-құлқын ғұмырлық үлгі етіп, күнделікті өмірімізді амалымызды сүннетке сай ету мұсылман баласының міндеті екендігін атап өтіп, Іле жұртшылығын Мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымызға салауат айтты.
Мәуліт мерекесіне келген ілеліктердің жүздері қуанышпен шаттанып, бір марқайып қалды. Қайырымдылық шарасынан соң, өкіл имам жамағатқа бесін намазын өткізді. Барша жиналған жұртшылық аудан әкімінің арнайы мәуліт асының дастарханынан дәм татты.
Адамзат баласының абзалы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың ұлық да дара сипаттарын саналы ұрпақ қашан да дәріптей бермек. Осындай игі рухани кештен әсер алған аудан жамағатының риясыз көңілдерінен ыстық сезімдер арта түсіп, Пайғамбарымызға деген сағыныштары жүректерін шынайы қуанышқа бөлегендей.
