Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам: Ұлт жоспарына» орай «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес ерекше мәртебе мен өкілеттілікке ие қоғамдық кеңестердің жаңа жүйесінің құрылғандығы баршамызға мәлім. Жоғарыда аталған Заңды жүзеге асыру мақсатында біздің ауданда да қоғамдық кеңес құрылып, оның төрағасы болып «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұрымбетов Ерболат Сапарұлы сайланған болатын. Аудан бойынша бұл жұмыстың қалай құрылғандығы, қоғамдық кеңеске жүктелер міндет, атқарылар қызмет жөнінде Ерболат Сапарұлын әңгімеге тартқан едік.
- Ерболат Сапарұлы, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды жүзеге асыру мақсатындағы атқарылған іс-шараларға тоқталып өтсеңіз. Жалпы бүгінгі өмірімізде қоғамдық кеңестердің алдына қойылатын мақсат-міндеті қалай?
- Мен алдымен мына мәселені айтқым келеді. Естеріңізде болса, Елбасымыздың 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты атты халыққа арнаған Жолдауында «Әлеуметтік жаңғырту бұл жаңа Парламент пен Үкіметтің Қазақстанның барлық жауапты күштерінің, партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, шығармашылық және кәсіби одақтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, Қазақстанның барлық патриоттары қызметінің темірқазық мәселесі», - деп атап өткен болатын. Осыған байланысты сол 2012 жылы біздің ауданның барлық елді-мекендерінде 47 қоғамдық кеңес құрылып, оның төрағасы бекітілген еді. Бүгінгі таңда бұл ұйым «Жергілікті өзін-өзі басқару» Заңына сәйкес өз ауылындағы адамның өмірі, тыныс-тіршілігіне қатысты барлық мәселені жергілікті округ әкімімен бірлесе отырып шешеді. Мұны айтып отырған себебім, біздің ауданда бұл мәселе жөнінен біраз тәжірибе жинақталған. Сондықтан да, аудандық қоғамдық кеңес құрып, оның мүшелерін сайлау бізге аса қиындық тудыра қойған жоқ. Аудандық қоғамдық кеңестің сандық құрамы 25 мүшені құрайтындықтан коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар ұсынған барлық 18 кандидатты осы ұйымның құрамына енгізу үшін арнайы құрылған жұмысшы тобы талқылаулар жүргізіп, әділ шешім қабылдады. Ал, 7 адам мемлекеттік органдардың өкілдері болып табылады. Іле аудандық мәслихатының 2016 жылғы 24 ақпанындағы 56 сессиясында 25 адамнан тұратын аудандық қоғамдық кеңестің құрамы және оның Ережесі бекітілді.
Ал, енді қоғамдық кеңестердің мақсатына келетін болсақ, ең бастысы азаматтың, қоғамның пікірін билікке жеткізу. Қазіргі қоғамдық кеңестер айрықша мәртебе мен үлкен өкілеттілікке ие. Қоғамдық кеңестер өкілеттілігіне жергілікті бюджетті қарастыру, аудан экономикасына қатысты жоспарларды талдау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілер кіреді. Осылайша, мәслихаттар сессиясында қаралатын мәселелер ең алдымен қоғамдық кеңестің талқылауынан, сараптауынан өтеді. Өмірлік маңызы мен мәні бар мәселелер жергілікті жердің жағдайы, әлеуеті мен әлеументі ескеріле отырылып қабылданады. Бұл дегеніңіз, азаматтардың, қоғамның ұсынысының билікке жетуіне мүмкіндік береді.
- Сөзіңіз дұрыс, бұл орайда Елбасымыздың «Нұр Отан» партиясының ХVІ сьезінде ұсынған «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: Бес институттық реформа» бағдарламасында қоғамдық кеңестерге айрықша назар аударды емес пе...
- Иә, мемлекет басшысы бұл бағдарламасында мына мәселелерді ерекше атап өтті. «Біріншіден, - деді Ел Президенті өзінің сөзінде мемлекеттік органдар басшыларының есептілігі тәжірибесін кеңейткен жөн. Екіншіден, «ашық үкімет» тетігі арқылы мемлекеттік органдар қабылдаған шешімнің ашықтығын қамтамасыз ету керек. Көпшіліктің ақпаратқа деген қолжетімділігін қамтамсыз етуде қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту өте маңызды. Тұтастай алғанда қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдармен жүйелі қоғамдық бақылау ұйымдарымен бірлесе әрекет ете отырып, қоғамның мүддесін танытуы тиіс». Мұның өзі қоғамдық кеңестерге жүктелетін жауапкершіліктің жоғары екендігін айқындағандай.
- Енді қоғамдық кеңестердің құрамындағы комиссияларға тоқталып өтсеңіз?
- Біздің ауданда салалар бойынша 4 комиссия құрылды.
- Олар: бюджет, тарифтік саясат, жемқорлықпен күрес, көші-қон, заңдылық пен құқықтық тәртіп;
- индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, туризм, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау;
- ауылшаруашылығы, жер қатынастары, сәулет, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық;
- әлеуметтік саланы дамыту, еңбекпен қамту, білім, денсаулық сақтау, тіл, спорт, мәдениет, жастар саясаты, ұлтаралық және діни қатынастар. Әрбір комиссия мүшелері өздері жауап беретін сала бойынша жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізіп, кент, ауыл әкімдерімен бірлесіп халықпен кездесулер өткізіп тұрады. Бүгінгі таңда әр саладағы комиссия төрағаларының аудан тұрғындарын қабылдау күні мен орыны белгіленді. Сонымен бірге ауданда орналасқан елді мекендердегі жергілікті қауымдастықтардың Қазақстан Республикасының Жергілікті өзін-өзі басқару Заңына сәйкес жұмыстарды жандандыру мақсатында әрбір округтерде Қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесу орындары мен кездесу кестесі бекітілді.
Жалпы жыл басынан бері жұмыс жоспарына сәйкес, Қоғамдық кеңестің 6 мәжілісі және 5 рет азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларының жария талқылаулары өткізілді.
Қоғамдық кеңестердің алдағы уақытта ел экономикасын, оның ішінде ауданның әлеументін алға жылжытудың мықты тетігі болатындығы сөзсіз.
|