Өткен аптада Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейінде «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – Білім үлесі» атты тақырыпта педагогика саласы қызметкерлерiнiң дәстүрлi тамыз кеңесi өттi.
Тамыз кеңесiне аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е. Тұрымбетов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ә. Исаев аудандық мәслихат депутаттарының корпусы, мекеме басшылары, мектеп директорлары, ауылдық округi әкiмдерi қатысты.
Тамыз кеңесiн аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов жүргiзiп отырды.
Алдымен аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Л. Каткеева, «Білім беру мазмұнын жаңарту – бүгінгі күннің басты талабы» тақырыбында баяндама жасап, аудандағы бiлiм саласының өткенi мен бүгiнi жайлы және жалпы бiлiм беру саласының, бiлiм берудiң мемлекеттiк бағдарламасының орындалу барысымен кеңiнен таныстырды.
Өз сөзiнде Ләззат Жақыпқызы ауданда қазiргi уақытта білім жүйесінің даңғыл жолында екенін ашық айтты.
Білім жүйесін қаржыландыру жылдан жылға ұлғайғанын жеткізді. Сөзіне қарағанда Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2017 жылы 11 миллиард 215 миллион, 786 мың теңге бөлініп, қаржыландыру былтырғы жылмен салыстырғанда 2 миллион 102 мың теңгеге артқан. Білім беру нысандарын қаржыландыру көлемі де артып, қазіргі уақытта 8 жалпы білім беретін мектеп және 1 қосалқы ғимарат құрылыстары жүргізілуде. Үш ауысымды білім беру мекемелерінің мәселесі оңды шешімін тауып, 2017 жылдың 1 қыркүйегіне 4 орта мектеп және 1 қосалқы ғимарат пайдаланылуға беріледі, ал 4 мектеп 2017 жылдың аяғына дейін іске қосылады. Өтеген батыр кентінде орналасқан №38 мектеп-гимназиясы мен М.Мақатаев атындағы №13 орта мектебі ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталуда.
Ауданымызда оқытудың интерактивті нысандарын тиімді қолдануға, білімді ақпараттандыруға баса көңіл аударылады. Ауыл мектептері мен қала мектептерін теңестіру үшін барлық мектептер ғаламтор жүйесіне енгізілген. Қазіргі уақытта аудан мектептерінде барлығы 3216 компьютер бар. Қазіргі таңда 1 компьютерге 14 оқушыдан келеді екен. Аудан бойынша жаңадан ашылған білім беру ұйымдарынан басқа мектептер түгелімен «kundelik.kz» жүйесіне қосылса, 12 білім беру ұйымдары «Білім Лэнд» медиа ресурстарымен жұмыс жасауға мүмкіндік алған. Білім беру ұйымдарының 81 пайызы кеңжолақты ғаламтор желісінде жұмыс жасайды. Аудан бойынша 42 ЛМК, 22 химия, 27 биология, 27 физика мультимодификациялық кабинеттері пайдалануға берілген. Биылғы оқу жылында 30 мектептің әрқайсысына 5 данадан мультимедиялық құрал жабдықтар бөлініп отыр. Ауданымыздың 25 мектебінде республика көлемінде онлайн режимдегі сабақтар мен семинарларға қатысуға мүмкіндіктері бар және осы мүмкіндіктерді қолдана отырып, мұғалімдер өз тәжірибелерін ортаға сала алады. Білім беру мекемелері заманауи техникамен жабдықталып, сабақтарда толық қолданылуда. Өйткені, ең озық білім кеңістігіне енудің тиімді жолы білім беру саласын толықтай ақпараттандыру құралдарымен жабдықтауға байланысты болып отыр.
2016 – 2017 оқу жылында аудандағы барлық түлектер саны 1450 баланы құраса, оның 1048-і ҰБТ-ке қатысты. Жоғары оқу орындарына 503 оқушы грантпен түссе, 506 оқушы жоғары ақылы оқу орындарына, 45 оқушы колледжге грантқа, 181 оқушы колледжге ақылы оқуларға түскен. Жұмысқа орналасқандар саны – 170 құрап отыр.
2017 – 2018 оқу жылы несімен ерекшеленеді? Биылғы оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер мектептегі білім беру мазмұнының жылдам қарқында жаңаруын талап етеді. 2018 – 2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына 3, 6, 8, 10-сыныптар 2019-2020 оқу жылында – 4, 9, 11-сыныптар көшеді. Ағымдағы оқу жылынан бастап 1-2,5,7-сынып оқушылары жаңа стандарт бойынша білім алып, бескүндік оқу аптасына көшеді. Мемлекет тарапынан бiлiм саласына жеткiлiктi деңгейде көңiл бөлiнуде.
Аудандық білім бөлімінің басшысы өз сөзiн қорытындылай келе сөз соңында қонағымыз ұстаздар қауымына жақсы нәтиже көрсету үшiн ұстаздардан сапалы бiлiм берудi талап еттi.
Жиналыста модератор қызметін атқарған аудан әкiмiнің орынбасары Д.Жүнісов сөз арасында бюджет қаражатын үнемдей отырып, мектептен тыс ұйымдардың жұмысын белсендi жүргiзу қажеттiлiгiн атап өттi. Сонымен қатар бiлiм мен спорт егiз сала екенiн, сондықтан да өскелең ұрпақтың спортпен айналысуына барлық жағдай жасау қажеттiгiн баса айтты.
Жарыссөзде «Қазақстанның жаңғыруындағы ауыл мектебінің рөлі» Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі С.Күзембаев, «Мектепке дейінгі ұйымдар мен отбасы арасындағы байланыс – мектепке дейігі тәрбие жетістігінің кепілі» - «Балапан» балабақшасының меңгерушісі Е. Сапронова, «Білім мазмұнының жаңаруы табысты мектептің кілті» №42 орта мектептің директоры А. Ноғайбаева, «Формирование функциональной грамотности учащихся в условиях трехъязычия» №38 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі А.Далабаева, «Рухани жаңғыру кезеңінде мектеп оқушыларын елжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу мен көшбасшылық қасиеттерін арттыру жолдары» №13 М. Мақатаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А. Жәбел сынды ұлағатты ұстаздар түрлі тақырыпта өз баяндамаларын оқыды.
Дәстүрлі тамыз кеңесі соңында үздік педагогтар мен білім беру ұжымдары және ұлағатты ұстаздар республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі «Алғыс хат» пен марапатталды.
|