Мамыр айының алғашқы аптасында Ақши ауылында сопрано жоғары вокалдық диапазонды дауысы бар әнші, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Гүлнар Ахметбаева өзінің есеп беру концертін өткізді.
Иә, бізге опера дегенде бәрімізге қазақ халқының мақтанышы Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев немесе эстрада да ән айтса жанын салып айтатын Мақпал мен Розаны айтарымыз хақ. Қарапайым халық арасында да ұлттық өнерімізді бұлбұл үнімен өмірде өрелі өнеге, үйренерлік үздік үлгі етіп көрсетіп келе жатқан асыл жандарымыз бар екенін естен шығармайық.
Тілге тиек етіп, баршаңызға таныстырып отырған ақшилік күміс көмей әнші Гүлнар Ахметбаева сол дала бұлбұлы ретінде киелі топырағы бар Іле ауданы ғана емес, Алматы облысы бойынша да танымал жан. Ол бізді әсем әнімен де, сұлу сәнімен де қашанда қуантумен келеді. Қырық жылдан астам уақыт аралығында табиғи талантын саф таза күйде ұстап, әйел деп аталатын нәзік те сұлу әлеміне кіршік жұқтырмай өнерімен жерлестерінің қошаметіне бөлене білді.
Ол кешегі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар кезінде өзінің сүйікті өнер ордасы, алынбас қамалы Ақши ауылдық Мәдениет үйінде қалып, қолынан келгенше мәдени дүниелерді сақтады. Оны өнерге деген махаббаты ешқашан алдаған емес. Гүлнар әрқашанда өнерсіз өмірдің өзі қараңғы болатынын өз ісімен дәлелдеді. Сахнада ең алғаш Гүлнардың тұсауын кескен ән Сегіз серінің «Гауһартасы» болды. «Гауһартасты» орындағанда сызылта шыққан үнін естіген жанның жүрегіне сыр қалдырып, еріксіз баурап алады. Сол сияқты «Гәкку», «Қарағым-ай», «Қыз Жібек» операсындағы «Толқыма» әндерін нақышына келтіріп орындайды.
Гүлнар Ахметбаева 1983 жылдан бері Ақши ауылдық Мәдениет үйінде қызмет етіп келеді. Еңбек жолын 1973 Жамбыл ауданы Қарасу колхозындағы Мәдениет үйі жанындағы «Халық театрының» әртісі қызметінен бастады.
Арнайы мамандық алу мақсатында 1977-1980 жылдары Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысының Мерке ауданындағы Жамбыл колхозындағы халық театрына мүше болып өзінің өнердегі еңбек жолын жалғастырды. Осы Мерке аудандық Мәдениет үйі жанындағы халықтық «Мерке әуендері» ансамблі құрамы мен 1981 жылы Португалияның Лиссабон қаласында өткен Халықаралық фестиваліне қатысса, дәл осы жылы Москва қаласындағы Бүкілодақтық байқаудың «Лауреаты» төсбелгісін кеудесіне тақты.
1983 жылы Алматы облысы Күрті аудандық Мәдениет үйінің «Халық театрына» режиссер болып орналасты. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына байланысты өткен Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атағына ие болды. Тек театр жолында ғана емес, осы Мәдениет үйі жанындағы халықтық «Сарытаукұм» ән-би ансамблінің әншісі болған ол аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанып, Құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен дипломдармен марапатталды. 1994 жылы жан-жақты талант иесінің 20 жылдық шығармашылық кеші өтіп, облыс әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығын алды. 1990 жылдан бері Ақши Мәдениет үйінде автоклубтар жұмысы жөніндегі аға методист болып еңбек етті. Қазіргі уақытта Мәдениет үйінің директоры қызметін атқаруда.
Өзінің 40 жылдық еңбек жолында тыңғылықты, тындырымды, жігерлі, ұйымшыл екендігін, мәдениеттің шын қадірін білетін, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын, өз ісін жетік меңгерген маман екендігін көрсетті. Оның ұйымдастыруымен «Ақниет» әжелер ансамблі, «Шебер қолдар» үйірмелері ашылып, өз нәтижесін берді. Бұл өнер ұжымдары осы уақытқа дейін жұмысын тоқтатпай, үздік өнерпаздар қатарынан көрініп, аудан, облыс көлеміндегі іс-шараларда өзіндік үлестерін қосып жүр. Мәдениет үйі жанындағы «Сарытауқұм» ән-би ансамблі мен «Халық театрының» халықтық атақтарының сақталуына бар күшін салып, олардың құрамын, шығармашылық деңгейін жыл сайын шыңдап келді.
Оның атқарған еңбегі лайықты бағаланып, 1983-1988 жылдары облыстық Мәдениет басқармасының Құрмет грамотасымен 3 рет, Бүкілодақтық фестивальдардың дипломымен 2 рет, 2000 -2013 жылдары аудан, облыс әкімінің мадақтамаларымен, 2012 жылы ҚР Перезидентінің «Құрмет грамотасымен», 2013 жылы Өнер саласындағы елеулі еңбегі үшін облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталса, 2014 жылы 40 жыл бойы өнер саласына сіңірген еңбегі еленіп, зейнеткерлікке шыққанда Іле ауданының «Құрметті азаматы» медалін кеудесіне тақты.
Гүлнар Ахметбаева бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, жеті немере сүйген ана. Ол өзінің ұжымына ғана емес, бүкіл ауыл, аудан, облыс жұртшылығына да сыйлы, өмір тәжірибесіне де, іс-тәжірибесіне де жетік маман.
Танылуды өз алдына міндет етпей, көрермен жүрегіне дән болып егіліп, сағынышы болып тамсандырып, әнге сусаған жүректердің шөлін қандырып жүріп жатқан халықтың ерке қызы. Еркіндікті сүйген Гүлнар әніне көк аспандағы қалықтаған ақ бұлттай еркіндік берген көркем жан. Тәңірім лайым осылай ақ жүректі әнші Гүлнарға талантын ұшқыр қылып, шабытын шыңдап туған жері Ақши ауылын әнмен тербетіп жүре берсін демекпіз!
Бұл шығармашылық кешке аудан әкімінің орынбасары Кушенов Ахметжан Рахымбайұлы қатысып, сөз сөйледі.
|