Бүгінгі күні тәуелсіздікті тәу етпейтін қазақ жоқ шығар. Дәл осылай Жетіген ауылдық округіндегі №11 орта мектепте орналасқан «Үміт» балалар мен жасөспірімдер клубындағы оқушылар да солай ойлайды.
Өткен аптада аталмыш округтегі Е. Бейсебаева жетекшілік етіп отырған «Үміт» балалар мен жасөспірімдер клубы ел алдында өзінің есебін берді.
Олардың алған тақырыбы «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» деп аталды. Бүгінгі күннің жастарына елдің еркіндігін жырлаудан артық керемет не бар?! «Үміттіктер» дәл осы тақырыптың ең өзекті мәселелерін қозғады. Олар алдымен көрермендерге «Тәуелсіздік - тарих жолы» атты Алаш азаматтарының образын келтіре қойылым қойды. Олар тарихтың сырлы қойнауында қалған тәуелсіздік армандарын ата-бабамыздың нақыл сөздерімен майын тамыза жеткізді.
Оның ішінде Ұлы Отан соғысынан да жеке тақырып жасап ерліктің өшпес іздері Әлия мен Мәншүкті дәріптеді. Өзара өлеңдетіп бір- біріне кезектесіп тәуелсіздік туралы жыр жырлады. Жүргізушілер тың игеру туралы да үзінді деректер келтіре келіп, 1986 жылы болған қазақ жастарының көтерілісін, сондағы патриоттық рухты жастардың іс-әрекетін айта келіп, желтоқсанның ызғарлы күнін еске алды. Желтоқсанның қаһармандары Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол туралы кішігірім қойылым қойды.
Қойылымдардың соңы «Астана» әнімен аяқталды. «Үміттіктер» өздеріне жүктелген тақырыпты терең және кең көлемде аша білді. Қойылым барысында барлық оқушылар өздерінің ойнаған кейіпкерлерінен үлкен әсер алғандары бал-бұл жанған қара көздерінен-ақ көрінді.
Есеп беру соңында Жетіген ауылдық округінің әкімі Н.Абилев, аудандық мәслихат хатшысы Р. Абилова, ауылдық ақсақалдар ұйымының төрағасы Оразхан Тоқумбаев сөз сөйлеп, үміттіктердің арасында ерекшеленген дарынды, талантты балаларды мадақтама қағаздармен марапаттады.

|