Ащыбұлақ ауылдық округі, М.Түймебаев ауылының жас спортшысы әлем чемпионатынан жүлделі оралды.
Абу-Дабиде джиу-джитсудан өткен жарысқа дүниежүзінің қырыққа жуық мемлекетінен 1000-ға жуық спортшы қатысқан болатын. Жалпы командалық есепте ұлттық құрама 11-орын алды. Осы дүниежүзі көз тіккен додада ащыбұлақтық джиу-джитсудың жас өркені Мәди Құрманғожаев алғашқы әлем чемпионатында күміс медальға ие болды. 17 жасар жігіт 54 кг салмақта бақ сынады. Бірнеше кездесу өткізіп, қарсыластарын тізе бүктірген. Жартылай финалда румындық спортшыны жеңіп, ақтық кезеңде жергілікті арабтық қарсыласына есе жіберген. «Әлем чемпионатына дайындық жақсы болды. Негізі мақсат «алтын» болды. Бірақ, «күміс» бұйырды. Осы жарысқа дайындаған бапкерім Нұрсұлтан Орынбасаровқа көп рахмет», – дейді джиу-джитсудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мәди Болатұлы.
Жастар мен жасөспірімдер арасындағы спорттық бәсеке Абу-Дабиде жыл басында өтті. Ұлттық құрама сапында 70-ке жуық спортшы шықты. Олардың қатарында Мәди Құрманғожамен қатар киелі Іле жеріндегі М. Түймебаев ауылынан 84 кг салмақта Ержан Жұмаділмен 73 кг салмақта Нұртуған Бекболат та бар. Джиу-джитсудан аудандық джиу-джитсу күресінің бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаровтың айтуынша, барлығы 40-тан астам мемлекет қатысты. Іле жерінен жоғарыда аты атлған 3 спортшы шықты. Соның біреуі ғана үшінші орын алды. Өткен жылы көрсеткіш бойынша Абу-Дабидегі Әлем Чемпионаты мен Әлем фестивалінде Мәди Құрманғожаев жүлдегерлердің қатарында болған. Биыл да сол нәтижесін намысқа тырысып, қайталады.
«Енді дайындықты күшейтеміз. Жеңіспен оралған жерлестер келесі сайысқа дайындықты бастады. Алда жастар мен жасөспірімдер үшін сынақ көп. Мысалы, 15-29 сәуір аралығында Абу-Дабиде дәстүрлі түрде өтетін Әлем Чемпионаты мен Әлем фестивалі болады бізден 15 бала барады. Сондықтан, маңдай терді аямау керек. «Еңбек бәрін жеңбек», – дейді джиу-джитсу және грепллинг бойынша бас бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Орынбасаров жетекшілік ететін М.Түймебаев ауылындағы клубқа өткен жылы әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Сағадат Нұрмағанбетовтың аты берілді. Қазір «Халық қаһарманы» С. Нұрмағанбетов спорт клубы джиу-джитсу және грепплинг бойынша жасөспірімдерді спортқа баулуда. Оның құрамында жүзден аса бүлдіршіндер шынығуда. Олардың қатарында әлемдік, республикалық, облыстық және аудандық жүлдегерлер бар.
Аудандық қоғамдық іс-шараға қатысып тұрады. Жақында ғана олар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетовтың қабылдауында болып, өздерінің болашақ туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Өйткені, әр жарыста осы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының осы спорт түрін дамытуға үлкен үлес қосуда. Ауданаралық жарыстар «Жас Отан» жастар қанатының тікелей араласуымен өтуде осы партия филиалының ықпалы десек қателеспесбіз. Ал, өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Ерболат Сапарұлы джиу-джитсу мен грепплингші жастарға ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.
|