БАСТЫ > 

 
 
КӨРШІНІҢ ТАТУЛЫҒЫ ҚОҒАМНЫҢ ТАТУЛЫҒЫ 04.01.2018

                    

Ардагерлер ұйымының қатысуымен және аудан әкімінің қолдауымен «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты біздің ауданда 13 қазанда бастауын алып, барлық округтерде өткізіліп, міне бүгін Өтеген батыр кентінде қорытындыланып отыр.

Көршімен сыйластық елінің сыйластығын білдіреді. Бүгінгі жиында жас ұрпағымызды қазақ ұлтына тән имандылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруге, әдептілікке үйрету, туған өлке оның байлығы мекендейтін әр ұлттармен бірлікте, ынтымақтастықта өмір сүру мақсатында өткізілді. Жақсы көрші бола білу көңілдің әрін, тіршіліктің нәрін, өмірдің сәнін келтіріп, адамзатқа шуақты сезім ұялатады.

Энергетический ауылдық округінде тұратын 30-дан астам түрлі өкілдердің көршімен көрші ынтымақтастығы, татулығы еліміздің амандығы біздің келешек ұрпақтарымызға қалдырған жақсы ғибрат болары сөзсіз. Қазақта «Көршің қолайлы болса, қораң кең» деген мақал тегін айтылмаса керек. Өйткені, көп жағдайда үйіңді, қора-жайыңды сеніп тапсырасың, қуанышың бола қалса туыстан бұрын естиді, қиын жағдай бола қалса, бірінші келіп қолұшын береді. Қыруар жұмысың көбейіп бітпей жатса, көмектеседі. Сондықтан болар қазақ халқы баяғы заманнан-ақ көршісімен берік қарым-қатынас орнатып айрықша сыйласа білген. Туған жер бағдарламасын іске асыру аясында өтіліп жатқан бұл шараның мақсаты халқымыздың салтын, мәдениетін бүгінде ұмыт қалған кейбір дәстүрлерді жандандыру

Сахна қазақи дәстүрге сай шебер жабдықталған. Алғаш болып оркестрдің әсем әнімен басталды. Қол ұстаса келген екі жас, қыздың жеңгесінің «Еркем неге кешіктің?» деген даусынан екіге бөлінеді. Бойжеткен еркелеп келіп, үй ішіндегілерге амандасады.

– Шырағым, неге соншалықты кеш жүрсің? Бойжеткен қыздың мұндай уақытта көшеде жүруіне болмайды. Қазір қыздарды алып қашып жатыр дегенді естіп жатырмыз ғой» – деп еді, үйдегілер де қостап шуласты. Әжесі:

– Қойыңыз отағасы! Менің қызым ондай емес, ақылы бар, өз елінде, өз жерінде, өз сүйгеніне қосылады. Мынау айтпақшы, көршінің баласы тегі бір ақылды, инабатты өзі. Өң десе өңі, білім десе білімі бар. Елдің бәрі мақтайды, аманы да түзу. Ата-анасыда керемет аяулы адамдар. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» демекші, осындай бір сері жігіт қай қыздың бағына жазылып тұр екен? – деп қызыға суреттеді.

Көрші үйдегі оқиғада осыған ұқсас еді, тек жас жігіттің «Иә, мен сол көршінің қызында көңілім бар, қазір барып құда түссек те болады» дегенін естіген үй іші дабырап, қызу дайындыққа кірісіп кетті.

– Жалғыз немеремнен немді аяйын, шығар бәрін, – деп жігіттің әжесі, құдалықтың қамын жасауда. Көршінің үйіне қоржындарын арқалап, құдалар да келді. Көрісіп болған соң, дастархан басына жайғасып, келген жөндерін айтысты.

– Сізде бойжеткен қыз бар дегендей, бізде ержеткен ұл бар дегендей, құда түсіп келіп отырған жайымыз бар, – деп тоқтады.

– Келіндер, құда түсіп келіп отыр екен, дайындалыңдар, мал сойып, қазанға ет салыңдар! – деп әжесі, құданы салт-дәстүрге сай күтті. Құдалық қызықты әңгімелерге, әдемі әндерге ұласып жатты. Қалыңдыққа сырға салып, қалыңмалын, ана сүтін беріп, есігінің алдына ірі қараны және өлтірісіне деп бір қой қойғанын айтты. Қыз сыңсу айтып, қимай-қимай жаңа отауға қадам басты.

Келінге оң аяқпен босаға аттатып, беташарды да бастап кетті. Туыс-туғандардан бөлек өзге ұлтты көршілері де бар өнерлерін ортаға салды. Кештің шымылдығын Әлібек Нұржоға атындағы әжелер ансамблі жауып, көрермендердің шексіз алғысына бөленді.

Аудан әкімі Қыдыркелді Медеуов сөз сөйледі: Елбасы мақаласында айтылған орамды ойлар мен нақты белгіленген тапсырмалар тәуелсіз Қазақ мемлекетін жаңа белестерге бастайтыны даусыз. Рухани жаңғыру арқылы әлем елдері мойындаған табысты ел болып, баршамыз тәуелсіздік туы астында береке-бірлік пен ынтымақ аясында бақытқа бірге жетейік деп аяқтады. Келесі болып, Энергетический ауылдық округінің әкімі Садыр Закиржанов сөз алып, ауыл тұрғындары қазақтың салт-дәстүрінің бірін қалдырмай қойылым арқылы шебер сипаттағандарын айтып, рухымыз әрқашан жаңғыра беруін тіледі. Осындай іс-шаралар ауылдағы береке мен бірліктің артуына үлкен үлес қосатынын және ауданды көркейтетінін айта өтті.