Өткен аптада Ғ.Мүсі-репов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ауданымыздағы «Мейірім» мүгедектер қоғамы бірлестігінің аудандық филиалы директоры Н.Абуллаев мүмкіндігі шектеулі және ата-ана мейірімінен шет қалған балаларға Жаңа жыл мерекесін ұйымдастырды. Шараға ауданымыздың түкпір-түкпірінен қараусыз қалған балаларды қамқорлыққа алған отбасылар мен тәрбиеленушілер және мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер шақырту алған.
Дәстүрге айналған Жаңа жылдық шыршаға биыл 80-ге жуық бүлдіршін қатысты. Олардың барлығына бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар театр әртістері дайындаған «Жаңа жылдық оқиға» музыкалық ертегісін тамашалап, ән шырқалып, би биленді. Бүлдіршіндердің көңілдерін бір серпілту мақсатында арнайы акт залда жасыл шырша орналастырылды. Мерекелік шарада жаңа жылдың бас кейіпкері Аяз ата мен Ақшақар өлең айтып, тақпақ жаттаған балаларға сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күй тарту етілді.
«Мейірім» мүгедектер қоғамы бірлестігі демеушілік көрсеткені үшін «Азия ПроектМонтаж» компаниясы мен ЖШС «Даму» логистикалық орталығына және «Марс» кинотеатрына шын жүректен алғысын білдіреді.
