Күрті ауылдық округі, Ақши ауылында жалынан ұстатпайтын жалған дүниеде күйбең тірліктің шырмауына түспей, парасат биігінде өмір сүрген журналист Сәдуақас Бигелдіұлы атында облыс көлемінде бокстан жасөспірімдер арасында турнир өтті. турнирге 180 жас қолғап әуесқойлары қатысты.
Еске алуға арналған облыстық турнирге Сидней Олимпиадасының чемпионы Е.Ибраимов арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, кәсіпқой бокста атой салып жүрген қаршадай қызымыз ақшилік Б. Мұздиман, аудандық спорт бөлімінің бас маманы Ж.Қабдыкаримов, аудандық мәслихат депутаты Ғ. Дауталиев, Джиу-джитсудан Азия чемпионы Н.Орынбасаров қатысты.
Алдыңғы сөзді алған Ермахан ағамыз «Елімізде жасөспірімдер боксы үнемі алдыңғы қатарда. Егер осы қалыптан таймасақ үлкен жарыстарда жүлделі орындардан құр қалмайсыз деген ойдамын. Міне, кеше ғана осы Ақшидің қасиетті топырағынан шыққан қызымыз Балауса Мұздиманды алайықшы. Күні кеше ғана АҚШ-та алғашқы кәсіпқой бокстағы кездесуінде өзін керемет көрсетті. Сол сияқты мына қатысып жатқан балалардың арасында да тамаша боксерлар шығатынына нық сенімдімін. Турнирге қатысушыларға сәттілік ал, ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын» – деді
Жасөспірімдер арасында өткен жарысқа еліміздің бірнеше облысынан, сондай-ақ, аудан спортшылары қатысып, бақ сынады. Сонымен жеңімпаз командалар арасында жеке дара көш бастаған командалар: Жаркент, Қараой, Ақши және Жетіген бокс шеберлері әр салмақ бойынша көбірек бірінші орынды иеленді. Осы командаларға кубоктар табысталды.
Турнир соңында іс-шараны ұйымдастырған журналист, марқұм Сәдуақас Бигелдіұлының баласы Абай Сәдуақасқа жаттық-тырушылар мен ауыл азаматтары шексіз алғысын білдірді.


|